«balapan» арнасы қазақ анимациясының үш бірдей жобасының тұсауын кесті
Кеше Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығында «balapan» телеарнасы қазақ анимациясы тарихындағы тұңғыш рет тол қаһармандарға арналған анимациялақ жобаларының тұсауын кесті. «Айдар», «Дала ойындары», «Ертемір» қатарлы 3D форматтағы анимациялық жобалардың алғашқы сериялары көрсетілді.
«balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай төл супер қаһармандарды тақырып еткен анимациялық жобаларды тәуелсіздік мерекесіне орай ұсынып отырғандарын атап өтті. Сондай-ақ, көрсетілім алдында жобаны жүзеге асырған шығармашылық топтарды таныстырды және алғысын айтты.
Тұсаукесерден аталған үш жобаның да балаларға ұлттық құндылықтарды, адамгершілікті, батылдық пен отансүйгіштікті насихаттауды мақсат еткендері анық байқалды. Әсіресе, анимациялық фильмдердің кейіпкерлері, образы, есімдері қазақстандық балдырғандардың көзіне үйір, құлағына таныс болатыны анық.
Көрермен назарына ұсынылған үш жобаның да өзіндік ерекшеліктері болды. Айталық, «Айдар» анимациялық мультхикаясы көне түрік миф кейіпкерлері мен сюжеттеріне негізделген. Қазіргі заман балалар санасында ерте заманғы және төл мифтік танымдар тамырына деген талпыныс тудыратыны байқалады. Жобаның продюсері әрі қоюшы режиссерлерінің бірі Әннәс Бағдат балалар қиялын алысқа жетелеуге тырысқаны жобаның өн-бойынан және саундтрег сөзінен де байқалады.
«Дала ойындары» болса болашақ өмір туралы балалар қиялын ұштайды. Технологиялар ғасырының смартфон, компьютерлеріне байланған жеткіншектерін дала ойындарына деген қызығушылықты оятуға тырысқан. «Ертемір» болса, қазіргі заман балаларының супер қаһармандар туралы қиялына ұлттық үлгі ұсынады. Бес қаруын асынған Ертемір батыр өзі тұрған Астана қаласын жат планеталық жаулаушыдан қорғау үшін күреседі.
Бұл жобалардың 4 жастан 12 жастағы балаларға арналғанын ескерген жөн. Сондай-ақ, анимациялық фильмдер туралы айтылғанда жұртшылықтың америкалық анимациялық фильмдерімен салыстыруға құмар екені шын. Алайда, қазақ анимациясының қаз-қаз басқан қадамы алғашқы адымда өз міндетін орындап жатқанын, әрі бұл жобалар қазақ анимациясының тарихында айтарлықтай жаңалық болып келгенін айтар едік.