«Баланың еміне жиналған ақшаның 20%-ын өзіне алып қалды»: Қазақстандық блогер дауға ілікті
Баланың емі үшін ақша жинаған қазақстандық блогер Серік Тілеулесовтың басы дауға қалды.
Блогер жиналған ақшаның 20%-ын сұрады деп айыпталуда. Тілеулесов ақшаның бір бөлігін сұратқанын мойындады. Десек те сөзінше, ол бұл ақшаны басқа бір мұқтаж әйелге аудармақ болған.
“Мен бұл жағдайды үлкен мәселеге айналдырғым келмеді. Алайда барлығы жауабымды күтіп отыр. Мен ақпан айында ауырып жатқан әйелге қаржы жинап беруге көмектесуім керек болды. Сол кезде Нұр-Сұлтанға жолым түсті. Бұл уақытта маған тағы бір әйел өзінің баласының еміне ақша жинауға қол ұшын созуды өтінді. Мен о бастан жиналған қаражаттың 20%-ын өзіме алатынын айттым. Себебі мен бұл балаға кезексіз көмектесуді ұйғардым. Ал оның алдында әйелге ақша жинап беру қажет еді. Менің қателігім бұл қаражатты кімге беретінімді айтпағаным болып тұр”, – дейді блогер.
Айтуынша, әлгі әйел алғашында оның айтқанымен бірден келіскен. Шамамен 2 миллион теңге жиналып, 286 мың теңгені баланың анасы Тілеулесовке аударыпты. Өз кезегінде блогер бұл ақшаны алғашқы әйелге берген.
Бұл жағдайдан кейін Серік Тілеулесов енді қайырымдылыққа қатыспайтынын атап өтті.