Баланы қырқынан шығарудың мәні неде?
Əдетте баланы қырқынан шыққанша бір күні тұзды, сабынды, енді бір күні маралшөп салынған суға алма-кезек шомылдырып отырады.
- Баланы тұзды сумен шомылдырса, денесі шымыр болып, ауру-сырқауға қарсы иммунитеті қалыптасады;
- Сабынды су баланың денесіне жабысқан түрлі микробты, бөгде иіс-қоңысты жойып, терідегі саңылауларды ашуға көмектеседі;
- Маралшөп қосылған су баланың тез ширауына қажет.
Нəресте үшін қауіпті деп саналатын 40 күн өткен соң, ата-ананың көңілі орнына түсіп, баланы қырқынан шығару қамына кіріседі. “Асықсаң, жақсылыққа асық” деп ұл баланы 37-39 күн, қыз баланы 40-42 күннен қалдырмай қырқынан шығарады.
Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, білезік салып, 40 қасық таза су құйып қояды. Баланы қырқынан шығарған əйелдер аталған әшекей бұйымдарды бөліп алады.
Баланы қырқынан шығарудың да өзіндік ғылыми мəні бар. Баланы шомылдыратын суға күмісті бала адал, ақ, пəк болсын деп салады. 40 қасық суды ырыздығы судай мол болсын деп құяды. Шаш-тырнағын сол адамдай инабатты, ортасына сыйлы адам болсын деп алғызады.
Баланы шомылдырып болған соң қарын шашы мен тырнағын сыйлы ақсақалдардың біріне алдырып, шапан кигізеді. Баланы шомылдырар алдында шешіп алған иткөйлекке қант, кəмпит, бауырсақ түйіп, бір баланың мойнына тағып, қоя береді. Ауыл балалары оны қуып жүріп ұстап, қант-кəмпитін жеп, жейдені əкеліп береді.
Қырқынан шыққан баланы анасы көтеріп, ата-əжесі мен туған-туыстарының үйіне алып келеді. Ата-əжесі қырқынан жаңа шыққан нəрестеге ақ батасы мен сый-сыяпаттарын береді. Қырқынан шыққан бала адам қатарына қосылды, қауіпті кезеңнен өтті деп саналып, оны ел ішіне көрсете бастайды.
Дереккөз: Baribar.kz