«Балаңды аясаң, аяма!»: Жұлдыз Әбдікәрімова бала тәрбиелеудегі қателіктерді тізіп берді
Отандық танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова бала тәрбиесі тақырыбын көтеріп, оған қатысты өз ойын ақтарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өнер иесі бала тәрбиесіне қатысты ойын Instagram парақшасында жазып, кеңесін бөлісті. Әбдікәрімова баланың еріншек болып өсуіне ата-аналардың тікелей қатысы бар екенін кесіп айтты. Ол перзенттерді кішкентайынан жұмсап, тым асыра еркелетіп өсірмеу керектігін жеткізді. «Балаңды аясаң, аяма! Қазақтың әрбір сөзі, мақал-мәтелі — тәрбие. Расында, 12 мүшесі сау баламызды «Ол істей алмайды, қолын кесіп алады», «Оны жұмсама, күйіп қалады» деп өсіріп, мүмкіндігін өзіміз шектейміз. Баламызды аяу арқылы өз қолымызбен ештеңе істей алмайтын, істейін десе де сенімсіз, жалтақ және істегісі келмейтін жалқау бала тәрбиелеп жатқанымызды білмей де қаламыз. Сондықтан, қазақ «Балаңды аясаң, аяма» дейді.
Бірден істеп кетпесе де, оныншы, жүзінші рет істегенде үйреніп кетеді. Ең жаманы, кішкентайынан «ештеңе істей алмайды» деп өбектеген баламызды өскен соң «ештеңе істей алмайсың» деп өзіміз кінәлаймыз. Сондықтан жұмсаудан, үйретуден, істетуден аямайық», — деп жазды ол.