«Баламды террорист деп траншеяға көмбек». Ақтөбеде ұлынан айырылған отбасы марқұмның сүйегін ала алмай жүр

0

Ақтөбедегі наразылық кезінде оқ тиіп қайтыс болған Русланбек Жұбаназаровтың сүйегін туыстары 7 қаңтардан бері мәйітханадан ала алмай жүр, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.

Мәйітхана қызметкерлері Жұбаназаровтың жақындарына полиция жолдаған хатты көрсеткен. Онда «мәйіт сараптамадан соң тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Танкиевке берілсін» деп жазылған.

Яғни полиция Жұбаназаровты тұрғылықты мекені мен туысы жоқ адамдар қойылатын траншеяға көму туралы шешім қабылдаған. Мұның себебін сұрап барған ата-анасына «Балаңыз– террорист. Сондықтан оның сүйегі берілмейді» деп жауап берген. Азаттық тілшісі марқұм болған баласының сүйегін ала алмай жүрген қаралы отбасымен тілдесіп қайтты.

«ТЕРРОРИСТ! СҮЙЕГІ БЕРІЛМЕЙДІ!»

30 жастағы Русланбек Жұбаназаровтың отбасы Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылында тұрады. Теміржолдың бойындағы бұл ауылдың тағы бір атауы – Қайыр станциясы. Қайырдың шетіндегі жұпынылау ескі үйде Русланбек Жұбаназаров алпыстан асқан ата-анасы Бүркіт пен Күлсім үшеуі бірге тұрған.

Бүркіт Жұбаназаров 7 қаңтардан бері ұлының сүйегін мәйітханадан ала алмай жүргенін айтады. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылы, 16 қаңтар 2022 ж.
Бүркіт Жұбаназаров 7 қаңтардан бері ұлының сүйегін мәйітханадан ала алмай жүргенін айтады. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылы, 16 қаңтар 2022 ж.

Зейнет жасына жақындап қалған Бүркіт Жұбаназаров – көрші ауылдағы қиыршық тас шығаратын зауытта күзетші. Вахталық әдіспен істеп, айына 70 мың теңге жалақы алады. Бала санымен зейнет демалысына шыққан Күлсім Жұбаназарова «жұбайым жұмыссыз болған кезде осы балаларды пойызда банан сатып жеткіздім» дейді.

Теміржол бойындағы станцияларда тұратын жұмыссыз әйелдің бәрі вагон жағалап жүріп, жолаушылар пойызында азық-түлік сатады. Күлсімнің Қайыр станциясынан пойызға мініп, бірнеше станциядан соң түсіп қалып, қайтар жолда тағы сауда жасауға қазір денсаулығы келмейді.

Жұбаназаровтар отбасы тұратын үй. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылы. 16 қаңтар 2022 ж.
Жұбаназаровтар отбасы тұратын үй. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылы. 16 қаңтар 2022 ж.

– Ауыл адамдарының көбі жұмыссыз. Мұнай колледжін бітірген балам да жұмыссыз болатын. Үй жөндеп, жүк түсіріп «шабашкамен» (жұрт әдетте бір күндік жұмысты осылай атайды – ред.) күн көріп жүрді. 6 қаңтарда кешқұрым Ақтөбеде тұратын досы «шабашка шығып тұр» дегесін таксиге мініп, қалаға кеткен болатын. Ондағы бір ойы – қолына тиын-тебен түссе, Темір ауданында тұратын ұлын жаңа жылымен құттықтамақ болған. Келінімнің төркіні сол жақта. Ұлым екеуінің дәм-тұзы жараспай, немеремнің төрт айлық кезінде ажырасып кеткен еді, – дейді Күлсім Жұбаназарова.

Шешесінің сөзінше, 6 қаңтарда сағат 22:00 шамасында Ақтөбе қаласына жеткен Русланбек жол сөмкесін қарындасының үйіне тастап, досымен бірге шығып кетеді. Содан хабарсыз қалған. Кейін туыстары митингінің соңғы сағаттарында достарымен бірге Русланбектің алаңға барғанын, полиция қуған кезде сол маңдағы көпқабатты үйдің ауласына қарай қашқанын білген. Бытырай қашқан топтағылар таң қараңғысында бір-бірінен көз жазып қалады.

Бұл – күштік құрылымдар төрт күнге созылған митингіні күштеп таратып, алаңдағы екі жүзге жуық адамды учаскеге әкеткен түн. Таңға жуық полиция демонстранттарға резеңке оқ атып, газ шашқандықтан алаңға жақын үйлердің тұрғындары көз ілмей шыққан. Сол күні сағат таңғы төрттен өте Әбілқайыр хан даңғылындағы 27 «А» нөмірлі үйдің алдында жатқан мәйітті көріп, тұрғындар жедел жәрдем шақырады. Бұл – Русланбек Жұбаназаров еді. 7 қаңтар түс ауа туыстары Русланбектің сүйегін мәйітханадан табады.

Қаралы хабарды алғашқылардың бірі болып Русланбектің қарындасы Жайнагүл естіген.

– Телефонға жауап берген мәйітхана қызметкері «Русланбек Жұбаназаровтың сүйегі 7 қаңтар таң алдында митинг болған алаңға жақын ауладан жеткізілді. Бойының ұзындығы – 179 см, қыр мұрынды сары бала. Кеудесін оқ тесіп өткен» деді. Жанұшыра мәйітханаға барғанымда полицияның рұқсатынсыз көрсете алмайтындарын айтты. Жылап-еңіреп мәйітхана жанында үш күн жүрдім. Ағамды көрсетпеді. Түк шықпасын білген соң Зауыт полиция бөліміне барғанбыз. Өзін Берік Бисекеновпін деп таныстырған қызметкер «Жұбаназаров – террорист. Сондықтан сүйегі берілмейді. Босқа шуламай тараңдар! Әйтпесе сендерді де атып тастаймыз.Тәртіпке бағынбағанның бәрін атыңдар деген бұйрық бар» деді. Жылай-жылай үйге қайттық, – дейді Жайнагүл Бүркітқызы.

Туысының сүйегін сұрап барған адамдарға Ақтөбедегі мәйітхана қызметкерлері көрсеткен құжатта "Русланбек Бүркітұлы Жұбаназаровтың мәйіті сараптамадан соң тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің басшысы А.Танкиевке берілсін" деп жазылған.
Туысының сүйегін сұрап барған адамдарға Ақтөбедегі мәйітхана қызметкерлері көрсеткен құжатта «Русланбек Бүркітұлы Жұбаназаровтың мәйіті сараптамадан соң тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің басшысы А.Танкиевке берілсін» деп жазылған.

Үш күн бойы мәйітхана жанында жылап жүрген туыстарына ондағылар Ақтөбе қаласы Астана ауданы №1 полиция бөлімінің тергеушісі Ә. Мырзағұловтың қолы қойылған хатты көрсеткен. Республикалық мемлекеттік сот сараптамасы коммуналдық мекемесіне, Д. Ғабдулмулиновтың атына жолданған хатта «мәйіт сараптамадан соң тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы А. Танкиевке берілсін» деп жазылған. Яғни, полиция Жұбаназаровты тұрғылықты мекен-жайы мен туысы жоқ адамдарды жерлейтін траншеяға көму туралы шешім қабылдаған.

Анасы мәйітханаға барғанда «өлгені туралы анықтамаға соқырішегі жарылып кеткен деп жазып берсеңдер де ризамын. Тек сүйегін берсеңдер болды» деп жалынған.

– Сүйегін бермеді. Балам 6 қаңтарда кешкі онда қалаға барып, жұма күні таңғы төрттен өте оққа ұшқан. Бас-аяғы алты сағат аралығында ол қалай террорист болады? Оның үстіне ешқашан намаз оқымаған, сотталмаған, күштік құрылымдардың есебінде болған емес. Балам шынымен де террорист болса, полиция сол күні-ақ жетіп келіп, үйімізді тінткен болар еді, – дейді Күлсім Жұбаназарова.

Қаралы үй ұлдарының сүйегін көміп тастады ма, әлде әлі мәйітханада ма, білмей отыр.

«БАЛАМНЫҢ СҮЙЕГІН КӨМІП ТАСТАСА, ҚАЗЫП ӘКЕП БЕРСІН!»

Азаттық тілшісі 16 қаңтарда Мөңке би ауылына барғанда Жұбаназаровтардың үйіне қазаға көңіл айтқан адамдар үздіксіз келіп жатты. Солардың бірі, Жұбаназаровтардың көршісі Құдайберген Оспан марқұм болған Русланбекті «момын, ешкімге жазығы жоқ, өзімен-өзі жүрген бала еді» деп еске алды.

– Полиция қызметкерлері атып тастап, қылмысын, былығын жасыру үшін бұл баланы террористер тізіміне кіргізіп жіберген сияқты, – деген күдігін білдірді көршісі.

Жұбаназаров отбасының көршісі Құдайберген Оспан.
Жұбаназаров отбасының көршісі Құдайберген Оспан.

Ұлболсын Аитова есімді әйел «біраздан бері көршіміз, Русланбек – көмек сұрасаң жүгіріп келетін елгезек бала еді. 6 қаңтарда ауылда болды. Кешкілік жеке шаруасымен қалаға кетті деп естідім» дейді.

Алпыс жастан асқан Бүркіт пен Күлсім – алты баланың ата-анасы. Қыздарының төртеуі де тұрмыс құрған. Екі ұлдың үлкені Ерасылдың да өз отбасы бар, Мөңке би ауылында әке-шешесімен көрші тұрады.

Азаттық тілшісі таң алдындағы пойыздан түсіп, Жұбаназаровтардың үйіне барғанда Ерасыл шешесінің қолын уқалап отырды.

«Құлыным-ау!» деп зар илеген әйелдің жоқтауы сай-сүйегіңді сырқыратады. Қара шаңырақтағы кіші ұлдың сүйегін көрмеген шешесі «бәлкім ұлым тірі болар» деп үміттенетінін де айтады. Жақындары шерлі ана есік тықыр ете қалса, күн-түн демей орнынан ұшып тұрады дейді.

Күлсім Жұбаназарова ұлы Русланбекті жоқтап отыр. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылы. 16 қаңтар 2022 ж.
Күлсім Жұбаназарова ұлы Русланбекті жоқтап отыр. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылы. 16 қаңтар 2022 ж.

Русланбек Жұбаназаровтың жақындары митинг кезінде түсіріліп, желіге тарап кеткен видеоларды да қалт жібермей қарап отыр. Бірақ олар әзірше наразылар арасынан Русланбектің бейнесі бар кадрды кездестірмеген.

14 қаңтардағы баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин «Мен де ертеңгі күні құдайдың алдында жауап беретін адаммын. Менің де жүрегім сыздамайды емес, сыздайды» дей келе наразылық кезінде қан төгілмегенін айтқан. Әкімнің «Оразалин тарихта арнайы операцияны қантөгіссіз өткізген әкім ретінде қалады. Бізде басқа өңірлердегідей бүлік болған жоқ» деген сөзі 7 қаңтардан бері ұлының сүйегін ала алмай жүрген ата-ананың ашуына тиген.

– Ақтөбенің әкімі Оңдасын Оразалин журналистерге «адам шығыны болған жоқ, митингіні қантөгіссіз аяқтадық» деп сұхбат беріп жатыр. Қан төгілмеді деп неге өтірік айтады? Сонда менің балам адам емес пе? Қан төгілді! Төгілгенде де бір шаңырақ күйреп қалды. Тағы бір сөзінде теракт болған жоқ дейді. Теракт болмаса, бүлік болмаса, террорист қайдан болады? Баламның бар кінәсі – комендант сағаты кезінде көшеге шыққаны. Сол үшін ату керек пе?! Баламды террорист етіп шығарды, енді іздеушісі жоқтарды көметін траншеяға апарып көмбек. Менің билікке қояр екі талабым бар. Баламның сүйегін қайтарсын, егер баламның сүйегін көміп тастаса, көмген жерінен қазып әкеп берсін! Одан соң оның өліміне кінәлі адамдарды жазаласын! – деді Русланбектің әкесі Бүркіт Жұбаназаров.

Азаттық Русланбек Жұбаназаровтың ісі бойынша Ақтөбе облысы полиция департаментіне сауал жолдаған еді. Полицияның баспасөз қызметі «БАҚ-қа жауап бермес бұрын прокуратураның рұқсатын алуымыз керек. Жауапты алдымен прокуратураға жібердік» деген болатын. Ақтөбе облыстық прокуратурасы мұны терістеп, полиция тарапынан ешқандай хат түспегенін хабарлады.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттағанына қарсылықты Ақтөбе халқы да қолдаған. Олар облыстық әкімдік алдына барып, қымбатшылыққа қарсылық білдірген. Наразылар әкімдікке басып кірмек болған. Полиция оларға көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан еді.