Балам өлім аузынан қалды, маған сол сәтте ақша керек болды: Роза Әлқожа не себепті ұтыс ойынына қатысқаны жайлы
Роза Әлқожа ұзақ үзілістен соң ел алдына шықты. Әнші біршама уақыт бұрын ұтыс ойынына жарнамалап, елді алдады деп көптің сөзіне қалған еді. Әнші бұл әркетке не себепті барғанын, ұтыс ойынында өзінің кінәсі жоқ екенін айтып ақталды.
Бұл туралы “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында айтылды.
Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа, Ернар Айдар жарнамалаған ұтыс ойынына қатысты іске нүкте қойылар емес. Әншілердің жарнамасына алданған жұрт, оларды қорғамақ болған адвокаттар ісі, ақталған әншілер. Істің ақ-қарасын түсінбей дал болған оқырман көп.
Жеке отбасылық мәселелерге байланысты Роза Әлқожа сұхбат беріп, ақталмағанын айтады. Әнші өнерін сүйген халыққа өз жауабын айтып, оқиғаның қалай болғанын түсіндірді.
“Осы уақыт аралығында өте ауыр жағдайда жүрдім. Інім Әлжаппар қазақты қара деп сүрініп, сөзге қалған кезде бордай тоздым. Күйзелісте жүрген адам, ұлым жол апатына түскенде көтере алмай қалдым. Екі рет құлап тұрдым. Мен бұрыннан жүрегім ауыратын адаммын. Тіпті бала тууға болмайды деген дәрігерлер. Әлі күнге ұшаққа отыруға болмайды. Ұлым бес бала болып жол апатына түсті. Аяғы сынды. Ауруханада жатты. Онымен бірге өкіл балам жансақтау бөліміне түсіп, 17 күн комада жатты. Сол уақыттарда маған ақша керек болды.
Көп әншілердің директоры болып жүрген Әйгерім деген қыз келіп, ұты туралы ұсыныс айтты. Бәрі заңды. Келісім-шартпен келісеміз. 2 миллион теңге жарнама үшін аласыз деді. Мен мәжбүрліктен келістім.
Бұған дейін жарнама жасап, ұтыс ойнатқан адам емеспін. Мен айтқандай ұтыс ойнатылды. Ұтыс берілді. Жеңімпаз алатын затын алды. Ал қалғанына мен жауапты емеспін. Мен инвестиция туралы сөз айтқан емемпін. Ол менен кейін ұйымдастырушылардың жасап жүргені. Ал күйе маған жағылды. Ол жігіттер ақшалы болған соң құнығып кетті ме деп ойлаймын. Әлде әуел баста қулы ойлары болды ма? Оны білмедім. Мен жарнамаладым. Жарнамамда айтылғандай өтті. Әрі қарай басқа әншілер жарнамалады. Инвестиция құямыз деді. Ол кезде келісім-шарт бойынша менің жұмысым аяқталған еді”, – деді Роза Әлқожа.
Айтуынша, өзін кінәлап жүрген адвокат Тәлеужан Кішкенебаевтың өзі алаяқ. Арыз жазушылардан ақша алып, енді өз басын арашалай алмай жүр дейді әнші.
“Кішкенебаев 2017 жылы алаяқтық іс бойынша адвокаттық лицензиясынан айырылған азамат. Енді өзін арашалау үшін әншілерге күйе жағып жүр. Оған сенгендерге айтарым, адковат бұл істе ешнәрсе дәлелдей алмайды. Дәлелі жоқ. Ер азамат басымен әйелдермен араздасып жүр. Біресе анда барады. Біресе мында келеді. БАҚ-қа бізді жамандайды. Менің өзім үндемей келіп едім. Енді айтуға тура келді”, – деді әнші.