«Балаларымды қайтарыңдар» Қорғалжында ер адам бұрынғы әйелін кепілге алды
Қысқа сілтеме алу
Оқыс оқиға Қорғалжын ауылында аудандық білім бөлімінің ғимаратында болған
АЛМАТЫ, 22 сәуір – Sputnik. Ақмола облысы Қорғалжын ауылында ер адам өзінің бұрынғы әйелін кепілге алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқыс оқиға 22 сәуірде болған. Қорғалжын полиция бөлімшесіне таңғы 9:35-те аудандық білім бөлімінде қолында суық қаруы бар ер адамның бұрынғы әйелін кепілге алғандығы туралы хабар келіп түскен. Жәнтіке ауылының 33 жастағы тұрғыны білім бөлімі директорының кабинетінде бұрынғы әйелін кепілге алады. Ол балаларын қайтаруды, одан соң ғимараттан аман-есен шығу үшін көлік талап еткен.
Тағы оқыңыз: Қарағанды тұрғыны туған қызын кепілге алды
Полицейлер шалт қимылдап, 1 сағат ішінде 31 жастағы әйелді босатады.
Алдымен полиция ғимаратты қоршауға алған. Содан кейін кепілге алушыны танитын Қорғалжын аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері онымен тікелей байланысқа шығады.
«Күдікті қолға түсіп, қолындағы мылтығы мен пышақ тәркіленді. Тегіс ұңғымалы мылтыққа күдіктінің рұқсат қағазы бар. Кепілге алынған әйел босатылды. Оны дәрігерлер қарап, денесінен ешқандай жарақаттың іздерін тіркемеді» , — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Кепілге алынған әйелді босату кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.
Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 261-бабы «Кепілге алу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
sputniknews.kz