Балаларға ғылыми-зерттеу жүргізу қажеттілігі туындап отыр

0

«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы Риза Боран­баева Денсаулық сақтау­дың жаңа кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы сөз қозғай келіп: «Әлі күнге дейін Қазақстанда балалар тәжірибесінде ғылыми-зерттеу жүргізуге мүмкіндік жоқ. Мұндай тәжірибені педиатрлар жүргізеді. Бұл үшін жағдай керек, халықаралық талаптар сақталуы тиіс. Орталықтар қажетті аккредитациядан өтуі керек. Әлем медицинасы бір орында тұрған жоқ. Сондықтан бұрын шыққан препараттар көмектесе алмаған пациенттерге көмектесуге болады», деді.

Ал С.Асфендияров атын­дағы ҚазҰМУ проректоры Бауыр­жан Жүсіповтің айтуынша, қазір талқыланып жатқан өзгеріс­тер халықтың осал тобында­ғы тұлғаларға, әскерилерге, жүкті әйелдерге, балаларға, қамау­да­ғыларға және іс-әрекетке қабі­летсіз тұлғаларға көмек көрсетуге ықпал етпек. «Сондықтан қа­зақстандық заңнаманы халық­аралық талаптармен сәйкес­тендіру үшін балалардың кли­никалық зерттеулерін жүргізуді бастау керек. Ақпараттық келісім өткізу қажет. Егер адамдар зерттеулерге қатыспаса, біз оларға көмек көрсете алмаймыз. Денсаулық сақтау кодексінің жаңа нұсқасы бұған мүмкіндік береді. Біздің фармацевтикалық компаниялар қазір генериканы ғана пайдаланады. Яғни, зерттеуден өткен дәрімен ғана жұмыс істейді. Бұл дамуды тоқтатады. Ал жоғары сапалы көмек көрсету үшін Қазақстан мен жергілікті халықтың барлық ерекшеліктерін есепке алу керек. Бұл зерттеулер, әрине тәуекелді қажет етеді. Бірақ онсыз ғылыми үдеріс дамымақ емес», деді ол.

Клиникалық зерттеулер үдерісі туралы айта кетелік. Сынақ төрт сатыға бөлінеді. Әуелі препарат жануарларда, одан кейін денсаулығы мықты ер адамда сыналады. Препаратты қабылдағаннан соң ағзасында қаламайтын өзгерістердің орын алмауы үшін оның жағдайын бақылайды. Келесі сатыда препарат қабылдайтын науқастар тобын тартады. Үшінші сатыда Америка мен Ресейде өтетін мультицифрлы тестілеу жүргізіледі. Төртінші кезең – маркетингтік зерттеу. Барлығы да адам мен оның қамқоршысының міндетті түрде жазбаша келісімін талап етеді.  

«Сынақты өткізу – қазақ­стан­дықтар денсаулығының кепілі. Биоэтикалық қырлары да өзекті. Кез келген сынақ пациенттің кепілдендірілген, сондай-ақ ерікті сақтандыру келісімімен жүргізіледі. Кез келген препаратты жүктілерге пайдалану басқасы көмек­теспеген жағдайда ғана қолданылады», дейді «HeIp today» қоғамдық қорының директоры Эльмира Әлиева.

Зерттеуді бастау идеясын гемофилиямен ауыратын балалар қоры да қолдады. Қор жетек­шісінің айтуынша, қазақстан­дық сырқаттарға ағзаның ерек­шеліктеріне, мәселен, еуропалық балалардан өзгешелігіне байланысты айрықша тәсіл керек. Мұндай санаттағы бір баланы баяулатқышпен емдеу бүгінде мемлекетке жылына 150 миллион теңгеге түсіп отыр. Аталған заң жобасын талқылау, әсіресе әлеуметтік желіде қызу жүруде. Қоғамдық бірлестік басшылары жаңа бағдарламасыз сирек аурулармен ауыратын балаларға көмек көрсету мүмкін еместігін айтуда. Мәселен, Мукополисахоридоз сырқаты қоғамдық қорының директоры Руслан Сармұрзақов өзі де науқас баланың ата-анасы ретінде бұл бастаманы қолдайтынын, «қазақстандық балаларды сынаққа пайдалану» сияқты әңгімелердің негізсіз екенін жеткізді.

«Егемен-ақпарат»

Дереккөз: http://egemen.kz/