Балаларға «Библия» таратылғаны рас па?
Нақтырақ айтқанда, мектеп жанындағы интернаттың оқушыларына «Қазақ-Герман-Америкалық библия миссиясы» атты қоғамдық бірлестік тарапынан жаңажылдық сыйлық таратылып, діни әдебиеттер берілгені жайлы хабар қазір тексеріліп жатыр. Мектеп-интернатқа аудан әкімдігі тарапынан арнайы құрылған комиссия барып, тәрбиешілермен және оқушылармен әңгімелесу өткізілген екен.
— Еңбекшіқазақ ауданының әкімінің орынбасары, аудандық Ішкі саясат бөлімі, дін инспекторлары, білім бөлімі және аталған Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі мен жанындағы интернаттың директорларымен бірлескен жұмыс тобы құрылып бұл мәселе толығымен қаралды. 17 қаңтар күні жұмыс тобымен бірге аудандық әкімдікте мектеп-интернатта жаңажылдық сыйлықтар таратқан «Қазақ-Герман-Америкалық Таурат миссиясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Алексей Лубошниковпен кездесу ұйымдастырып, жаңажылдық сыйлықтардың ішінде діни кітаптар немесе уағыздаушы парақшалар болмағаны және қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар тарапынан дін тақырыбында әңгімелер қозғалмағаны анықталды. Лубошников Алексей Викторович және Ы.Алтынсарин орта мектебі мен жанындағы интернаты директорының тарапынан балаларға арналған сыйлықтардың арасында діни кітаптар болмағанын растап түсініктеме жазып берді. Осы орайда, бұл мәселені ары қарай ушықтырудың қажет емес екендігін айта отырып, бұл мәселе қазіргі таңда аудан әкімдігінің тарапынан қадағалауда екендігін жеткіземіз, — дейді біздің сұрауымызға орай Еңбекшіқазақ ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Акбаржанұлы.
Бірақ, Қырбалтабай ауылындағы мектептегі жағдайды қоғам назарына жеткізген эколог, Алматы облысы Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Гөзел Құлжабаева аудан әкімдігі берген ресми жауапты біржақты деп отыр. Алматы қаласында осы мәселеге орай баспасөз мәслихатын өткізген Гөзел Құлжабаева интернатта «Қазақ-Герман-Америкалық библия миссиясы» тарапынан діни әдебиет, оның ішінде 120 дана «Библия» кітабының таратылғаны жайлы нақты дәлелдің болғандығын айтады. Оны растайтын сурет кейіннен баспасөзде жарияланған екен.
— Жалпы мен интернаттағы жағдайды Қырбалтабай ауылына барғанда кездейсоқ естідім. Әдетте, ата-ана ретінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қандай да бір діни уағыз жүргізуге болмайты белгілі. Бұл жерде кітап сыйлау шарасы ата-ананың қатысуынсыз болған. Жаңажылдық сыйлық ретінде, тәттілермен бірге берілген болуы керек. Мұны балалармен сөйлескенімде, өздері мойындады. Олар кітаптан бөлек құрастырмалы ойыншық жапсырмаларды да алғанын айтты. Ойыншық бөліктерін толық тізіп шыққанда одан Иса Мәсіхтің суреті мен уағыз сөздер көрінетін болған. Бірден ашып айтайын, мен бұл жерде қандай да бір діни көзқарас үшін мәселе көтеріп отырған жоқпын. Мәселе, мектеп жасындағы балалардың құқын қорғау мен мемлекеттік мекеме қабырғасында тек толық сүзгіден өткен кітаптарды ғана оқуға рұқсат берілетіндігі жайында. Мен өзім табиғат қорғаушысы ретінде жазған еңбектерімді Білім министрлігінің рұқсатынан кейін ғана мектептерге көмекші құрал ретінде ұсына аламын. Сонда, «Библияны» балаға оқуға рұқсат берілген бе? — дейді Гөзел Құлжабаева ханым.
Оның айтуынша, оқушылармен сөйлескенде балалар сыйлық алғандарын, «Библия» кітабын да көргендерін жасырмаған. Оқушылар мұны телефоындағы дауыс жазу құрылғысына айтқан. Бірақ, оқиға туралы сөз шыққаннан кейін мектеп әкімшілігі интернат оқушыларына ешқандай сыйлық, оның ішінде діни кітаптар алмағандығы жайлы қолхат жаздырып алған. «Бұл да бала құқығын бұзу. Заң бойынша мұндай қолхат ата-ана қатысуымен жазылады» дейді ол.
Біз бұл жағдайға орай Алматы облыстық Білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовтің пікір білгенбіз:
— Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатына қатысты оқиғадан хабардармын. Өткен сенбі күні Еңбекшіқазақ ауданына барып, жағдайды көзбен көріп қайттым. Ауданда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Алдын ала белгілі болғанындай, тәрбиешілер мен оқушылар интернатта діни әдебиеттер таратылғанын растамаған. Бұл жерде дыбыстық және бейнежазба болған екен. Оның анық-қанығын комиссия тексеріп болғасын, жауабын береміз, — деді облыстың бас мұғалімі.
Ал тақырыптың түйіні қалай тарқатылып, тексеру жұмыстарының нәтижесі нені көрсететіні «Егемен Қазақстан» газетінің назарында болады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы
Сурет zanmedia.kz сайтынан алынды
Дереккөз: http://egemen.kz/