Балаларды тұрғылықты мекенжайға интернет арқылы тіркеуге болады
16 жасқа дейінгі балаларды тұрғылықты жері бойынша электрондық тіркеу мемлекеттік қызметі іске қосылды. Бұл туралы “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Қызмет eGov.kz порталында электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қою арқылы көрсетіледі. Сервис порталдың “Азаматтық, миграция және иммиграция” бөлімінде және “Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау” қосымша бетінде.
Жаңа қызметті пайдалану үшін “Онлайн сұрау” түймесін басқаннан кейін өтініш беруші ұсынылған нысанды толтырады, онда баланың ЖСН-і, келу мақсаты, тіркелу себебі және ол баланы тіркеуге ниет білдірген тұрғын үйдің меншік иесі екені не емес екені көрсетілуі тиіс.
Егер жылжымайтын мүліктің меншік иесі өтініш берсе, онда оған өз өңірін немесе мекенжайдың тіркеу кодын (РКА) көрсету және ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қою қажет. Өтініш беруші жылжымайтын мүлік иесі болса, ол өңірді және мекенжайдың тіркеу кодын (РКА) көрсетуі тиіс, содан соң ЭЦҚ өтінімге қол қоюы тиіс.
Тұрғын үйдің меншік иесі үшінші тарап болған жағдайда өтініш беруші меншік иесінің ЖСН-ін, жылжымайтын мүліктің мекенжайын көрсетуі және меншік иесінің жеке кабинетіне келіп түсетін сұрау салуды жіберуі қажет (егер тұрғын үйдің бірнеше меншік иесі болса, олардың біреуінің ғана деректерін көрсету жеткілікті, қалғандары жүйемен ҚР “Жылжымайтын мүлік тіркелімі” мемлекеттік деректер қоры арқылы автоматты түрде анықталады). Меншік иесі (біреу немесе бірнешеуі) өзінің келісімін ЭЦҚ арқылы растайды, одан соң өтінім тіркелуге ниетті азаматтың Жеке кабинетіне оралып келеді. Оған өзінің сұрау салуына ЭЦҚ қол қоюы қажет.
Осыдан кейін өтінім ҚР ІІМ жүйесіне түседі, оның өңделуіне 10 минуттан аспайтын уақыт кетеді. Өңделіп болған соң порталда мәртебесі көрсетіледі. Мекенжай анықтамасын ала отырып, тіркелу мекенжайын тексеруге болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін 16 жасқа дейінгі балаларды тіркеу қызметі үшін ата-аналар “Азаматтарға арналған үкімет” КЕАҚ фронт-кеңселеріне жүгінуі керек болатын.
Тағы оқыңыз: Пәтер қожайындары тұрғынды үйде отырып-ақ тіркеуден шығара алады
Дереккөз: Baribar.kz