Балалар жылына тарту ретінде Сыр елінде “Еркетай” балалар алаңы ашылды

0

Бар игілік балаларға! Президент бекіткен Балалар жылы аясында Сыр елінде түрлі деңгейде іс-шаралар бастау алды. Өткен аптада оқушылар үшін заманауи обсерватория мен киностудияның лентасы қиылса, бүгін аймақ бүлдіршіндеріне арнап «Еркетай» балалар алаңы ашылды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Әз-Наурыз мерекесі сәтінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова балалардың интеллектуалды дамуына арналған орталық Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына барып, «Балалар кітап әлемінде»атты танымдық іс-шараға қатысты.

Өңір басшысы аймақтың бас кітапханасында бүлдіршіноқырмандардың көркем әдебиетті қызығып оқып, көңілді уақыт өткізу үшін жасалған көрме бұрыштары мен арнайы кабинеттерді көріп, зейіні ерек балалармен тілдесті.

Кітапхана қорындағы балалар әдебиеті жас ерекшелігіне қарай бірнеше залға қойылған. Мәселен, «Балдырғандар» залында мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық энциклопедиялар, трансформер кітаптары, әлем елдерінің ертегілер жинақтары бар. Мұнан бөлек, «Кітаппен бірге өсеміз», «Әжемнің ертегілері», «Ертегілер елінде» жобалары аясында алынған туындылар да беріледі. Аймақ басшысы «Балдырғандар» залында бүлдіршіндермен әңгімелесіп, олардың кітап оқуға деген ынтасы туралы ой өрбітіп, зерделі оқушыларға «Наурыз қалта» сыйлықтарын таратты.

«Балалар әдебиеті» залында 8-14 жастағы оқырмандарға мектеп бағдарламасын игеруге көмектесетін анықтамалық және оқу-әдістемелік әдебиеттер қарастырылған. Сондай-ақ, бөлім жанындағы «Алақай» қуыршақ театры мен «Ісмер» үйірмесі қызмет көрсетуде. Оқу бөлімінің жұмысымен танысқан облыс әкімі қызметкерлеріне сәттілік тілеп, кітапхана директорына балалар кітаптарының топтамасын сыйға тартты.

Сондай-ақ Балалар жылы аясында кітапханада түрлі-түсті әсемдеп безендірілген «Еркетай» ойын алаңы ашылды. Мұнда балалар еркін демалып, кітап оқып, үстел футболын ойнап, шахматпен ой сергітіп, түрлі пазлдарды құрастырып, ми тынықтыра алады.