Бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы неге 3 жасқа дейін төленбейді — бұған қатысты Көшербаев не дейді

0

Үкімет бала күтіміне берілетін жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартуды жоспарлап отырған жоқ

Қазақстанда қолданыстағы заң бойынша әр ата-ана 3 жылға дейін декреттік демалыс алуға құқылы. Алайда мемлекеттен бала күтімі үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақы 1,5 жасқа дейін ғана төленеді. Әлеуметтік төлем тоқтап қалғаннан кейін кейбір аналар қаржылық қиындыққа байланысты кішкентай сәбиін үйінде қалдырып, жұмысқа шығуға мәжбүр. Azattyq Rýhy тілшісі Мәжілісте өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасовтан бала күтіміне берілетін жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзарту мәселесі қарастырыла ма деп сұрады.

Вице-министр Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, бұл мәселеде мүдделер теңгерімін қамтамасыз ету қажет.

«Екі жыл бұрын осы төлемдер 1,5 жасқа дейін ұлғайғанын білесіздер, оған дейін 1 жасқа дейін ғана төленетін. Сол себепті теңдестірілген жауапкершілікті ескеріп, біз жәрдемақыны 1,5 жасқа дейін төлеу жеткілікті мерзім деп санаймыз», — деген ол жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзарту еңбек министрлігінің жоспарында жоқ екенін айтты.

Ал вице-премьер Ермек Көшербаев «ақша болса, әрине, төлеуге болады» дейді.

«Ақша жетіспесе, теңдестірілген шешім болуы керек. Өзіңіз түсініп отырсыз ғой, бізде мүгедектігі бар адамдар бар, оларға күтім жасайтын адамдар бар. Олар жұмыс істемейді, оларға да көмек беруіміз керек. Әрқайсысына аз-аздан бөліп-бөліп солай берген дұрыс деп ойлап отырмын. Ақшамыз көбейгенде, әрине, бұл сұрақтарға басқаша қарауға болады. Қарастыруға болады. Мәселе сонда болып тұр», — деп түсіндірді Үкімет басшысының орынбасары.