«Бала 3-ке толғанша төленсін»: Жөргекпұл туралы ұсыныс шешімін тапты ма?

0
407

Бала күтіміне байланысты берілетін жөргекпұлдың мерзімі ұзартыла ма? Көптің көкейінде жүрген сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді. Естеріңізде болса, осы жылдың басында аталған ведомства жәрдемақыны 1 жарым немесе 3 жасқа дейін ұзартуды ұсынып еді. Араға 11 ай салып, арна тілшілері мәселенің қалай өрбіп жатқанын сұрап-білді. Сонымен, ана мен баланы қорғаудың қатып қалған жүйесі өзгере ме?  Әлде бастама сөз жүзінде қалды ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасын хабарлайды.

Айзаттың әлдиі 1 жас 3 айлық. Жас ана бөпесін омыраудан ерте айырып, жұмысқа шықты. Амалсыз. Жолдасының тапқан-таянғаны күнделікті ас-ауқаттан артылмайды өйткені. Табысы асып-таспаса да, бір жыртығымды жамар деген оймен суреттен сабақ беріп жүр қазір.

Айзат ӘБЖАНОВА, қала тұрғыны:

«Баламен былай отырғым келеді. Бағып, қарауға қазір мүмкіндік болмай тұр. Кішкентай балаларға суреттен сабақ беремін. Сол үшін жұмысқа шығуға мәжбүр болдым. Бір жасқа дейін өте аз. Себебі бізді балабақшалар 1 жастан бастап қабылдамады. Сол үшін бізге қиындау».

Кейіпкеріміздің жайы көпшілігімізге таныс. Өйткені, бұл жағдай ел тұрғындарының біршамасының басында. Бүлдіршін бір жастан асқан соң, Үкіметтен берілетін жөргекпұл тоқтайды. Сөйтіп ата-ананың екеуі бірдей жұмысқа шығып, отбасылық кірістің 50-60 мыңын бала күтушіге үзіп беруге мәжбүр. Қоғамдық талқылауларда аталған мәселені көтеріп жүрген Мейрамхан Жәпек бұл проблеманы тездетіп шешу керек дейді.

Мейрамхан ЖӘПЕК, «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы Астана бюросының жетекшісі:  

«Баланы тастайтын жер жоқ. Қарайтын адам жоқ. Күйеуінің тапқан табысы жетпейді. Қалай да соны жеткізу үшін ана жұмысқа шығуға мәжбүр болады. Қазақстанның миллиардтаған ақшасы, қаншама байлығы жерасты, жерүсті байлығының барлығы шетел асып жатыр. Инвесторлардың, белшілі бір тұлғалардың қалтасына кетіп жатыр. Осы мәселенің барлығын тоқтату үшін біз қазірден бастап өзіміздің болашағымызға, балаларымызға қамқорлық танытуымыз керек».

Айтпақшы осы жылдың басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жағымды жаңалықтың шетін шығарғаны бар. Жәрдемақыны үш жасқа дейін, тіпті жоқ дегенде 1 жарым жылға дейін ұлғайтуды қарастырып жатырмыз деген еді. Бастамаға бір қуанып, бір елегізіп қалған жұрттың үміттен гөрі күдігі басым болды. Айтса айтқандай, 11-айға аяқ бастық міне. Ведомстваның жазбаша берген жауабынан мәселе сөз жүзінде қалғанын аңғару қиын емес.

«Осы жылы министрлік бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеу мерзімін бір жылдан үш жасқа дейін ұзарту туралы мәселені қарады. Алайда жәрдемақыны көбейту бойынша шараларды енгізу 2026 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығының бұзылуына әкеп соғады. 2049 жылға дейін қордың қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін 2020 жылдан бастап әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесін 8%-ке арттыру қажет. Бұл өз кезегінде жалақы қорына жүктемені арттырады және бюджеттен қосымша қаражат талап етеді» – ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми жауабы.

Яғни сайып келгенде барлығы бюджетке келіп тіреледі. Елдің экономикалық мүмкіндіктері де ескерілуі керек делінген ресми жауапта. Осы орайда Ана мен баланы әлеуметтік қолдаудың қатып қалған жүйесіне қан жүгірмесе, одан келер залалдың арта берері сөзсіз дейді мамандар.

Мейрамхан ЖӘПЕК, «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы Астана бюросының жетекшісі:

«Егер біз осы тақырыпқа, осы мәселеге түбегейлі қарамайтын болсақ, онда біз, біздің қоғамымыз дамудың орнына кейін кетеді. Қазір шетелге қаншама жастар кетіп жатыр. Неге кетіп жатыр? Себебі олардың барлығы осы елдегі төлемақы дұрыс төленбегендіктен. Еңбекақы дұрыс төленбегендіктен. Жүйесіздіктен. Безбүйректіктен».

Қазір 400 мыңға тарта ана бала күтіміне байланысты жәрдемақысын алып отыр. Жұмыс істемейтін әйелдерге бюджеттен бір жыл бойы ай сайын 15-тен 24 мыңға дейін жәрдемақы төленуде. Ал көрші Ресейде жөргекпұл 1 жарым жасқа дейін беріледі. Балабақшаларының да кіші тобы да осы жастан бастап жұмыс істейді.

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз