Баку орталығында жойқын жарылыс болды, қаза тапқандар бар

0

Әзербайжан астанасының орталығында LocationBaku түнгі клубында жойқын жарылыс болды. Қаза тапқандар мен жаралылар бар, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі haqqin.az сайтына сілтеме жасап.

Портал мәліметінше, мекеме екі апта бұрын ашылған.

«Алғашқы нұсқаларға сәйкес, газдан жарылыс болды. Оқиға орнында ІІМ қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Тергеу амалдары басталды. Қаза болғандар мен жараланғандардың саны анықталып жатыр», — деді Әзербайжан ІІМ баспасөз қызметінің басшысы Эхсан Захидов.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі Баку ауруханаларына 24 адам — 13 ер адам және 11 әйел жеткізілгенін хабарлады. Олардың көбін күйік шалған.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, түнгі клубтағы жарылыс салдарынан үш адам қайтыс болды», — деді жедел жәрдем қызметкерлері haqqin.az тілшілеріне.

Оқиға орнына қала басшысы Эльдар Азизов пен төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Этибар Мирзоев келді.

Қазіргі уақытта оқиға орнында ІІМ және ТЖМ қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.