Байжановты соттайтын болсақ, Назарбаевты да соттайық – Адвокат
Бақытжан Байжановтың екінші қорғаушысы Әлібек Секеров сотта сөйлеп, өзінің қорғауындағы адамды жағдайдың құрбаны болды және Бишімбаевтың айтқанын орындады деп есептеп отыр. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Байжановтың қорғаушысы Әлібек Секеров өз сөзінде экс-министрдің бұрынғы соттылығын және елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты еске алды.
«Әрине, Салтанаттың өлімі – адам төзгісіз жағдай. Мен Салтанаттың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Адам ретінде, адвокат ретінде менің де жаным ауырады. Сіздердің жақындарыңыз өмірден өтті. Бұны ешкімнің басына бермесін. Қаза тапқан Салтанатты енді өмірге қайтара алмаймыз. Тергеу Бишімбаевтың Салтанатты өлтіргенін дәлелдеді, бірақ істің қай баппен қаралатынын сот шешеді. Дегенмен бұл іс резонанс туғызды екен деп кінәсіз адамды соттауға болмайды. Менің қорғауымдағы Байжанов Салтанат өлді деп ойлаған жоқ. Егер олай болса, біз сол күні мейрамхананы жөндеген малярды, әкімшіні, тіпті елдің бұрынғы басшысын (Нұрсұлтан Назарбаевты – ред.) да соттайық», – деген Әлібек Секеров бұған дейін Бишімбаевты «элитаның паразитіне» теңеген адвокатпен келісті.
Фото: жоғарғы соттың баспасөз қызметі