Бәйтерек – бұл қай терек?!
Бәйтерек – қазақ ұғымында алып ағаш, үлкен терек деген сөз. Бір қызығы, күнделікті қолданыста «Бәйтерек» атауы салыстырмалы мағынасында көбірек қолданылады. Мысалы, «бәйтеректей биік», «саялы бәйтеректей» деген теңеулер әулеттің атасына, қазыналы қарияға, еңселі ел ағасына қатысты айтылады.
Өмірден ерте кеткен маңғыстаулық ғалым Серікбол Қондыбай қазақ мифологиясында «Бәйтерек» ұғымы – ғаламның моделін білдіретінін жазыпты. Яғни қазақ халық ертегілерінде «Бәйтерек» бейнесі өте жиі кездеседі: Бәйтерек ғаламның орталығында, дәл кіндігінде, киелі бұлақ жағасында орналасады, оның төбесі – аспанда, тамыры – жерасты дүниесінде жатыр. Бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс (самұрық) пен алып айдаһар бар. Олар дуалистік қарама-қарсылықтың тұлғалық көрінісі. Үшіншіден, Бәйтеректің түбінде киелі оқиға, мифтік процесс өтеді. Осы жерде батыр келіп, жыланды өлтіреді, сөйтіп қарақұс балапандарын құтқарады. Сол еңбегі үшін қарақұс батырды басқа дүниеге өткізеді. Бұл жерде Бәйтерек – ғаламдардың есігі, киелі қақпа ретінде көрініп тұр.
«Бәйтерек ғаламдық ағаш ретінде басқа да мифтік дәстүрлерде таралған. Мысалы, скандинав мифінде осындай ағаш Иггдрасиль, саха-якуттарда пай-қайың деп аталады» дейді Серікбол Қондыбай.
Бір қызығы, Батыс Қазақстан облысында қайта аталып отырған Бәйтерек ауданы Қазақстанның батыс қақпасында, мемлекеттік шекараны бойлай орналасқан. Яғни, Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен шектесіп жатыр. Енді осы өңірлерден Қазақстанға, Ұлы дала еліне келетін мейман Бәйтерек қақпадан өтеді. Мифология мен шынайы өмірдің тоғысқан сәті болғандай!
Қазақстанның батыс өңірінде таралған тағы бір аңыз бар. Онда жаугершілікте жарақат алып, жантәсілім қылар алдында бір батыр жанындағы жолдасына:
– Мені осы жерге арулап жерле, бірақ оң алақаныма қысқан дәнге тиіспе! Алла жазса, бір мүшелден кейін осы жерге айналып келгенде, менің қабірімді алып бәйтеректен табарсың! – дейді. Сөйтсе батырдың алақанына сығымдап қысқаны – алып теректің бір түйір дәні, тұқымы екен. Осылайша ақылды батыр өзіне жанды құлпытас қойған екен дейді.
Осы жерде Омар Һаямның да табытын жүзім ағашынан жасауды өсиет етіп, кейін қабірі қалың ағаш, ну орманға айналғаны еске түседі. Жалпы, «Атаңнан мал қалмаса да тал қалсын» деп өсиет еткен халықтың ұғымында жасыл желек, тал-терек культі экософия ұғымымен астасып кететіні түсінікті. Ұлы даланың төл баласы – көшпелі қазақ табиғаттың тепе-теңдігін, қоршаған ортаның қиюласқан бітім-болмысын қатаң сақтап, айдаладағы жалғыз ағаштың өзіне кие дарытып, қасиет қондыратынына қалай таңғалмассың?!
Қазақстан жерінің орманды алқабы небәрі 3,8%-дай ғана болады екен. Елбасы «Жасыл ел» бағдарламасын көтеріп, ол жалпыхалықтық қозғалысқа айналды. Жақында ғана жасыл шыршаны баудай түсірген жаңа жыл мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов «бір күндік қызыққа бола ондаған жыл өсіп шыққан шыршаны кесу – қылмыспен барабар» деп мәлімдеген еді. Шынымен де Қазақстанда әр терек – киелі болуы, қатаң қорғалуы тиіс.
Батыс қақпаңда бой көтерген Бәйтерегің құтты болсын, Қазақ елі!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/