Байқоңырдан «Протон-М» зымыраны ұшырылды
Бортында «Спектр-РГ» обсерваториясы бар ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы 13 шілдеде Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі 18.30-да Қазақстанның Қызылорда облысындағы Байқоңыр айлағынан ұшырылды. Бұған дейін зымыранды ұшыру бірнеше рет шегеріліп келген еді.
Бастапқыда зымыранды ұшыру 21 маусымға белгіленген. Кейіннен 22 маусымға ауыстырылды. Одан соң «ғарыш аппаратындағы электр тоғына байланысты» ескертулер салдарынан 12 шілдеге ауыстырылды. «Протон-М» зымыран кешенін 9 шілдеде Байқоңырдағы ұшыру алаңына орналастырған. Жұма күні мемлекеттік комиссия ұшыруды 13 шілдеге шегерген.
Роскосмостың хабарлауынша, Германиямен бірігіп жасалған «Спектр-РГ» жобасы орбитада астрофизикалық обсерватория ашу үшін қажет. Ол рентгендік диапазонда электромагниттік толқындарды өлшеу арқылы ғаламды зерттейді.
Гептил отынымен ұшатын, жерге бөлшектері құлайтын «Протон» зымыранын қазақстандық экологтар мен құқық қорғаушылар жиі сынайды. Олар 2015 жылғы киіктердің қырылу оқиғасын жерге зымыран отынының төгілуімен байланыстырған. (Ресми органдар киіктердің қырылуына зымыранның қатысы жоқ екенін айтқан).
Соңғы бірнеше жылда «Протонмен» байланысты бірқатар ірі апат болған. 2013 жылы жазда «Протон» зымыраны әуеге көтеріле сала жерге құлаған.
Ресей Байқоңырды 1994 жылдан бері Қазақстаннан жалға алып келеді. Жалға алу мерзімі 2050 жылы аяқталады деп хабарланған. Ресей жалға алғаны үшін жыл сайын Қазақстанға 115 миллион доллар төлейді.