Байқоңырда тепкілеп, құрбысының шашын қиған қыздар табылды
Құрбыларына қорлық көрсетіп, шашын қиған жасөспірім қыздардың видеосы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің ашу-ызасын туғызған болатын.
Оқушының шашын қиып, артынша Интернетте видеосын жариялаған кәмелет жасқа толмаған қыздардың кім екендері анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі жəне сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев хабарлайды. Оқиға Байқоңыр қаласында 18 қарашада болған. Қыздардың өз құрбысына осындай зұлымдық жасауына не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.
«Құрбыларына зұлымдық көрсетіп, оны видеоға түсіріп, жазбаны əлеуметтік желіге салған жасөспірімдердің аты-жөндері анықталды. Олардың барлығы кәмелет жасына толмаған жергілікті орта мектептің оқушылары екені белгілі болды», — деді ол.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде 8 желтоқсанда пайда болды. Видеода олар зардап шеккен қыздан әлеуметтік желідегі парақшаның паролін сұрап, балағат сөздер айтып, күштеп қайшымен шашын кескен.