«Байлығыңды жасыратын заман». Тоқтар Серіковтің өнердегі әріптестеріне айтары бар

0
Әнші Тоқтар Серіков неліктен желіге көп нәрсе жариялай бермейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына сілтеме жасап.

Өнер иесі бағдарлама жүргізушісі Нұрсейіт Жылқышыбайдың: “Бүгінде ішкен-жегенін көрсетіп, жеткен жетістігін отырған ортада айта беретін әріптестеріңіз көп. Бірақ өзіңіздің орныңыз бөлек. Қазақ “бетегеден биік, жусаннан аласа” деп жатады ғой. Осындай қасиетті бойыңызға қайдан сіңірдіңіз?” – деген сұрағына өнер иесі: “Бұл сұраққа жауап беретін болсам, үйірімнен бөлініп қалғандай боламын. Үйдегі келіншегіммен ақылдаса келе, Instagram-ға көп нәрсені жариялай бермейтін болып шештік. Ішкен-жегенімізді, әдемі киімімізді, мінген көлігімізді, тұрған үйімізді, тіпті бала-шағамның санын да жариялай бергім келмейді. Мен қарны тоқ, уайымы жоқ адамдардың қатарындамын. Бірақ елімде болып жатқан небір жағдайлар, бір тілім нанға зар болып отырған, ауының жыртығы жамалмаған ағайындар бар. Әлі күнге дейін баласының болашағын, оқуын уайымдап, өксіген әке мен жылаған шеше бар. Соларды ойлаған кезде ішкен асым батпай қалады. Мен мақтанып жүрген кезде мына жақта бір адам мөлейіп қарап тұрса, мен үшін үлкен сын. Мен өнерде жүрген бүкіл бауыр-қарындастарыма, ағаларыма да осыны айтқым келеді. Қазір өзіңді жылтыратып көрсететін заман емес, қайта байлығыңды жасыратын заман. Болмаса, аш адамды тойдыр, сосын қалағаныңша мақтан. Сыртымнан түсіріп алған өзімнің ерсі қылықтарымды көрген кезде қатты өкінемін”, – деп жауап берді әнші.

Сондай-ақ, Тоқтар Серіков қазіргі уақытта саясатқа да араласып жүрген өнердегі әріптестеріне қатысты пікір білдірді. Олар: Нұрлан Әлімжанов, Мейрабек Беспаев, Сәкен Майғазиев, тағысын тағы.

“Үшеуі де менің досым. Мейрамбек жайлы айтатын болсам, ол кішкентай кезінен біреуге көмектескенді жақсы көреді. Өнердегі қыз-жігіттердің басын қосып, біздердің тарапымыздан кетіп жатқан қателіктерді түзетемін деп жанталасып жүрген Мейрамбекке мен қосыламын. Ал мемлекеттік іске араласып жатса мен оған қой демес едім. Өйткені оның қолынан келетін тірлік. Сәкен де өнердің ішінде жүрген азамат. Мықты актер, композитор, әнші Нұрлан Әлімжанов саясатқа барғанда: “Біздің ішімізден де бір азамат барды ғой. Енді өнер адамадарының жанайқайын мінберде тұрып жеткізетін адам бар” деп үміттенгем. Бірақ әзірге біз туралы айтып жатқанын әлі естімедім. Айтатын шығар, үміт бар”, – дейді әнші.

Өнер иесі өзінің мемлекеттік істерге араласқысы келмейтінін ашық айтты.

“Ол жақта айтатын нәрсеңді айта алмайсың. Менің онда сөзім өтпейтін болса, елдің мұң-мұқтажын айта алмайтын болсам, маған жазып берген сөзді ғана оқитын болсам ол жерге барудың маған не қажеті бар?”, – деп ағынан жарылды ол.