Байлар мен ақсүйектер мекендеген шаhристан

0

Ортағасырлық қала салу дәстүрі бойынша шаһристан цитадельді (ішкі қамал) қоршай немесе бір шетінен жалғаса салынған. Оның сыртынан міндетті түрде қорғаныс қабырғасы тұрғызылып, айналасы ормен қоршалады.

Шаhристанда мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер мен байлар, дәулетті саудагерлер, жергілікті ақсүйектер мен дін қызметкерлері қоныстанған. Сондықтан онда сәулетті, әдемі ғимараттар көп кездеседі.

Шаhристанның көлемі төртбұрышты болған. Ол кішігірім махаллаларға  (шағынаудан сияқты қыстақтар) бөлінген. Әр махаллада мешіт пен ауызсу сақтайтын қойма болады. Шаhристанның дәл ортасында күмбезбен жабылған орталық сауда көшесі орналасады.

Жауынгерлерге арналған жатақтар (казарма), әдемі үйлер, бау-бақша тізіліп тұрады. Ортағасырлық қалалардағы ауызсу жүйесі мен кәріз құбырлары да осы шаhристаннан табылған. Моншалар мен медреселер қаланың көркі әрі қызмет көрсететін орталық қызметін атқарған.

Оңтүстік Қазақстан аумағындағы 33, Жетісу өңіріндегі 20-дан астам көне қала осы цитадель, шаhристан, рабат жүйесімен салынған. Отырар, Қараспан, Ақтөбе және Талғар қалашықтарында жүргізілген қазба нәтижелері мешіт, медресе, монша секілді діни-ағартушылық және тазалық ошақтары осы қалаларда болғанын көрсетеді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz