«Бәйгені шаппай алатын Димашқа беретіні белгілі»: Халық әртісі атағына алғаш ұсынылғанда Димаш алдын орап кеткенін айтты

0

Биыл Республика күні қарсаңында Майра Ілиясова Қазақстанның «Халық әртісі» атағын алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ берген сұхбатында айтты. Өнер иесі аталмыш атаққа былтыр да ұсынылған. Бірақ әнші оны Димаш алатынын сезген екен.

«Сол Астана қалалық филармонияның директоры «Майра апай, сізді «Халық әртісі» атағына ұсындық. «Эстрада өнері» бағыты бойынша бір ғана адамға беріледі екен. Сіздер үш адам түсіп жатырсыздар. Бірақ сіздің қарсыласыңыз мықты. Ескертіп, айтып қояйын» деді.

Мен күлдім де олардың кім екенін сұрадым.  Сөйтсем Димаш Құдайберген мен Нұрлан Өнербаев екен. Нұрлан екеуміз көбінесе бір ортада жүреміз негізі.

«Бұл жерде бір адамға берілетін болса, онда шаппай бәйге алатын Димаш қой. Біз Қазақстанды бағындырсақ, ол әлемді бағындырып отыр» деп бірден айттым», — дейді Майра Ілиясова. Өнер иесі атақты алуға өзінен гөрі Димашты лайық санаған. Тіпті оны 9 жасында сахнаға алып шыққан кезді де еске алды. «Сонымен бірінші жылы Димаш Құдайберген «Халық әртісі» атағын алды. Негізі Димашты 9 жасында өзім сахнаға шығардым. Өзімнің балам сияқты, атақ алғанына қуандым. Димаштың ата-анасымен 25 жылдан астам уақыт болды туыс сияқты араласамыз», — дейді Майра Ілиясова.

Десе де Астанадағы филармония директоры араға бір жыл салып Майра Ілиясованы тағы да «Халық әртісі» атағына ұсыныпты.

«Директор биыл бұл марапатқа менен басқа тағы кімдердің ұсынылғанын айтпады. Мен де сұрамадым. Бір күні түнгі 11:00-де бір қыз ентігіп қоңырау шалды, «Майра апай, сәлеметсіз бе? Президент аппаратынан хабарласып тұрмын. Шұғыл түрде суретіңіз керек» дейді. Олар не үшін екенін айтпады, мен де сұраған да жоқпын. Осыдан 5-6 жыл бұрын түскен суреттерім бар еді, соны апарып бердім. Содан кейін маған хат келді.  Президенттің жарлығымен Майра Ілиясова «Қазақстанның Халық әртісі» деп жазылған. Содан кейін шақырып, кеудемізге тақты. WhatsApp-та бірден құттықтаған адамдардан 500 хабарлама келді, тіпті оқуға шамам келмей қалды. Танымайтын адамдардың мен үшін қуанып жүргеніне таңғалдым», — дейді Халық әртісі.