Байғали Серкебаев: «Алматыда неге Ермек Серкебаев атындағы көше жоқ?» (видео)
Алматыда танымал опера әншісі Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев атындағы көше әлі күнге жоқ. Қазақстан музыка қайраткерлері одағының басқарма төрағасы болған азаматқа әлі күнге оңтүстік астанадан көше атауы берілмеу себебін ұлы Байғали Серкебаев Динара Сұлтанның бағдарламасында айтып берді, деп жазады Kznews.kz тілшісі.
«Елдің мәдениетіне алаңдайтын азаматтардың барлығы Ермек Серкебаевтың атында көше жоқтығына таңғалады. Бұл қызық естілетін шығар, бірақ осыған дейін бірнеше жерге бардым, сөйлестім. Алайда барлығы тек «Әрине, ол Ермек Серкебаев қой. Мүмкін емес» деген уәде күйінде қалады», — деді ұлы Байғали Серкебаев. Айта кетейік, Ермек Серкебаев — опера өнерінің майталманы. Ол — әнші, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, профессор. Халық әртісі 1926 жылы Петропавлда дүниеге келіп, 2013 жылы өмірден өтті. 1947 жылы Абай атындағы Опера және балет театрының шығармашылық ұжымына жұмысқа орналасады.
Ал 1973 жылы консерваторияда жеке дауыста ән айту кафедрасының оқытушысы болады. 1982 жылдан бастап консерватория профессоры қызметін атқарады. Әнші репертуарында қазақтың халық әндері, орыс және шет ел композиторларының шығармалары бар. Румыния, Пәкістан, Франция, Үндістан, Қытай, Бельгия, Куба, Швейцария, Швеция, Финляндия т.б. шет елдерінде өнер көрсеткен. 1972 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының және 1977 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері атанады. 2000 жылы «Музыка» номинациясы бойынша «Тарлан» сыйлығын иеленді. «Ленин», «Қазан революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.