Байденнің жеңісі ТМД диктаторларына оңай болмайын деп тұр
Бүгінде жұрттың көкейінде жүрген үлкен мәселенің бірі — АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы Джо Байденнің болашақта ұстанар саясаты болып отыр. Саяси сарапшылардың біразы Трампқа қарағанда Байденнің бірқатар батыл қадамдарға баратынын айтып жатыр. Оларға сенсек, әсіресе Ресей мен Қытайға қатысты ұстанымы біршама қатаң болатынға ұқсайды. Айтпақшы, Байденнің мұндай қатаң саясаты ТМД аумағын да соның ішінде Қазақстанды да шарпып өтеді деп жатқандар да баршылық.
Бұл туралы sn.kz сайты жазды.
Солардың бірі — белгілі сарапшы Қуаныш Еділхантегі. Оның ойынша, Трамптың тұсында ТМД аумағындағы диктаторлар білгендерін жасап бақты. Енді мұндай дүниенің барлығы келмеске кетпек.
«Қазақстандағы тәуелсіз бақылаушылар үшін енгізілген шектеулерге АҚШ алаңдаушылық білдіріпті. Мен мұны Байденнің жеңісінің арқасы деп білемін. Ол тікелей тапсырма бермесе де елшіліктер, мем. департамент, басқа да органдар Президент ұстанған бағытқа қарай бұрынғы көзқарастарына корректировка жасайтыны анық, өйткені жаңа президент ТМД аумағы елдеріне көбірек көңіл бөлетіні айтылып қалды.
Ал Трамп және оның әкімшілігі бұрынғы ТМД елдерінің аумағын Ресейдің қарамағына беріп қойғаны белгілі. Айтпаса да жазылмаған заң солай болды, олар бір-бірін көзбен ұғысып, не қылсаң да өзің біл дегендей болды. Нәтижесінде ТМД аумағындағы диктаторлар білгендерін жасады, қолдарынан ешкім қаққан жоқ.
Шамасы ондай күндер аяқталатын сияқты.
Ендігі кезекте сол бәрібір заңсыз өткелі отырған сайлауды мойындамаса деген тілек бар. Әрине, бұрыннан да ондай сайлаулардың талайы мойындалмай, соған қарамастан билік еш қысылмастан бұрынғы істерін жалғастырып келеді, легитимділік деген түсінікті бұлар мойындай қоймайды.
Келесі кезекте енді тек легитимді емес деп айтып қана қоймай, «Магницкий заңы» сияқты шаралар да алса деймін. Еуроодақ он жыл бойы талқылап, ақыры «Магницкий заңын» қабылдады. Ал бұл жерде тек бір-жар адам ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың адами құқы бұзылғалы отыр», — деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.