Байден Трамптың шешімдерін жоққа шығарып, алғашқы жарлықтарға қол қойды

0

Вашингтонда, 20 қаңтарда, сәрсенбіде АҚШ-ның жаңа президенті Джо Байденнің инаугурациясы өтті. Осыдан кейін ол мемлекет басшысы ретінде алғашқы жарлықтарға қол қойды. Атап айтқанда, Байден өзінен бұрынғы президент Дональд Трамптың бірнеше маңызды шешімдеріне тосқауыл қойды деп хабарлады батыстық БАҚ.

АҚШ-ның жаңа президенті Трамптың АҚШ-ды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығару туралы шешімін жойып, Мексикамен шекарада қабырға тұрғызуға тыйым салды. Ол сонымен бірге АҚШ-ды Париж климат келісіміне қайтару процесін бастады, бірқатар мұсылман және африка елдерінен азаматтардың кіруіне тыйым салуды алып тастады және Канадамен шекарада Keystone XL құбырының құрылысын тоқтатты.

Сонымен қатар, Байден барлық федералдық сайттарда масканы міндетті түрде кию және әлеуметтік арақашықтықты сақтау туралы жарлыққа қол қойды, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзінен бұрынғы президенттің жарлықтарын бағалауды тапсырды. Ол өзінен бұрынғы күші жойылған көмірқышқыл газы шығарындыларының қатаң стандарттарын қалпына келтіруге ниетті.

Президент Байденнің басқа да бұйрықтарына федералды үкіметтерден өз қызметінде нәсілдік теңдікке басымдық беруді талап ету жатады. Ақ үйдің өкілі Джен Псакидің айтуынша, Байден алдымен Канада премьер-министрі Джастин Трюдо мен АҚШ одақтастары мен серіктестерінің көшбасшыларына қоңырау шалуды жоспарлап отыр. Байден өзінің мақсаты Американы біріктіру болатынын айтып, бұл мәселеде оған ел азаматтары көмектеседі деп үміт білдірді.

Ол сондай-ақ оларды «заңсыздық, зорлық-зомбылық, эпидемия, жұмыссыздықпен» күресуге шақырды. Аврил Хейнс Ұлттық барлау директоры болды.

Керімсал Жұбатқанов