Байден Трамптың халықаралық саясатқа байланысты ұстанымын сынады
АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті, келесі жылы өтетін президент сайлауына демократтар атынан қатысатын кандидат Джо Байден президент Дональд Трамптың халықаралық аренадағы іс-әрекетін сынға алды. Сайлауалды кампаниясы аясында Нью-Йорктегі студенттер алдында сөйлеген Байден Трамптың сыртқы саясатында бірізділік жоғын айтып, оның «кездейсоқ» қабылдаған шешімдері халықаралық қауымдастықтағы АҚШ беделін төмендетеді деді.
Ол Трампты төмендегі әрекеттері үшін айыптады:
- АҚШ-ты ғаламдық жылынумен күрес бойынша жасалған Париж келісімінен бас тартуға мәжбүрлеу;
- АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келісімнен бас тарту;
- Транс-Тынық мұхиты серіктестігінен шығу;
- АҚШ-тың НАТО-дан шығатыны жайлы мәлімдемесі және т.б.
Байден қарсыласын АҚШ-ты әлемдегі жетекші елге айналдырудан бас тартқаны үшін сынап, ғаламдық жылыну, ядролық қарудың таралуы, терроризм мен киберсоғыспен байланысты қауіп-қатерлермен бірігіп күресу қажеттігін атап өтті.
Ол президент болып сайланса, Ауғанстаннан Америка әскерінің басым бөлігін алып кетуге уәде беріп, Йемендегі Сауд Арабиясының әскери кампаниясын қолдауды тоқтататынын жеткізді. Бұған қоса, АҚШ-тың НАТО алдындағы міндеттерін бұлжытпай орындайтынын айтты. Кандидат сыртқы саясатта Израиль қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беретінін алға тартты. Бұл тұрғыда Трамп пен Байденнің ұстанымдары ұқсас.
Байден 2015 жылғы ядролық келісімге қайта оралса, Иранмен де байланысты жандандыратынын айтты. АҚШ былтыр бұл келісімнен шығып, Иранға санкция салған. Трамп бұл келісімді «АҚШ тарихындағы ең нашар келісім» деп атаған.