«Байбектің кезінде болмап еді»: Дина Төлепберген жер сілкінісінің себебін іздеді

0

Танымал тележурналист Дина Төлепберген жер сілкінісіне қатысты жеке парақшасында пікір білдірді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

4 наурыз күні Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болды.

“Тағы сілкініс, тағы сан сұрақ, “Байбектің кезінде мұндай болмап еді” деген әзілдер тағы естіледі. Бірақ бұл жолы өзім де шошып қалдым. Мен секілді әрбір ата-ана ең алдымен мектеп, бала-бақшадағы баласы үшін уайымдаған шығар.
Жер сілкінісіне не себеп? Қытайда қазылып жатқан жаңа ұңғыманы һәм Кемин зілзалаласын тілге тиек етіп жатқандар көп. Бірақ өзің тексере алмайтын дүниені талқылаудан не пайда? Меніңше, бар күшімізді өзімізді қорғауға бағыттаған дұрыс”, – дейді журналист.

Сонымен қатар тележүргізуші табиғаттың тосын оқиғасы кезінде барынша сабырлы болуға шақырып, қауіпсіздік ережесін еске салды.

“Ең алдымен дабыл чемоданын жинап қоюымыз керек. Баспанадағы ең қауіпсіз жерді анықтап, балаларға көрсету. Үйді сырттай қарап, қабырғасында жырықтар көрсеңіз, шұғыл әкімдікке хабарласыңыз. Пәтерді жер сілкінісінен сақтандырып қою. Зілзала кезіндегі іс-қимыл алгоритмін түзу, балалармен оны үй жағжайында қайталап көру. Бастысы – зілзаланың өзі емес, сабыр етпегеннің кесірі ауыр болатынын естен шығармайық. Өзіңізге бекем болыңыз, табиғат-ана бізді жылатпас деп сенейік. Бірақ оны қадірлеп жүрміз бе? Аман бол, Алматым! Бұл қала – балаларымның туған жері”, – деп жазды Дина Төлепберген.

Еске салайық, жер сілкінісі кезінде біраз ғимарат бүлініп, қабырғаларында жарықшалар пайда болған еді.