Байбектің 1 млрд доллар байлығы бар: Жанболат Мамай «Нұр-Отан» орынбасарын дебатқа шақырды

0
1213
Фото: qazaqtimes.com

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек белсенді Жанболат Мамайдың үстінен сотқа шағым түсіретінін мәлімдеді. Саясаткер белсендіні өзіне «жала жапты» деп есептейді.

Жақында Жанболат Мамай журналистік зерттеу жариялап, Алматы қаласының бұрынғы әкімін қаладағы бірқатар «жемқорлық істерге» қатысы бар деп айыптаған. Осыдан кейін блогер Тәңірберген Бердіоңғаровтың Youtube арнасында Бауыржан Байбектің сұхбаты жарияланды. Онда ол Жанболат Мамайды өзіне «жалаң айып тақты» деп кінәлап, өз атына кір келтіргісі келмегендіктен сотқа беретінін жеткізеді.

– Ол (Жанболат Мамай) өзінің саяси карьерасын құртты. Жіктеп айтатын болсақ, ендігі «саяси өлік» деуге болады. Партияның кодексі мен жарғысына сай бүгін оны азаматтық, әкімшілік іс жүргізу шеңберінде сотқа беретінімді ресми мәлімдеймін. Бұлай болмауы керек деп есептеймін. Мен бұл әрекетті болашақта Мамай сияқты адамдар кінәсіз адамдарды айыптамас үшін жасаймын, – деді Байбек сұхбатта.

Ол сұхбатта кейбір телеграм-арналар хабарлағандай, өзіне – жүз емес, он шақты компания ғана тиесілі екенін, бәрінің декларацияға енгенін атап өтіп, сол үшін салық төлейтінін де айтқан. Дегенмен Байбек сұхбатында журналистік зерттеуде айтылған кейбір жайттарға жауап бергенмен, кейбіріне тоқталмаған. Атап айтқанда, «ағайынды Ахметовтармен бірігіп ашқан компаниялары» жайлы мәліметтерге реакция білдірмеген.

Ал белсенді Жанболат Мамай «Байбектің айтқаны рас болса, менімен тікелей эфирде дебатқа шықсын» деп отыр.

– Ол мені сотқа беремін деп отыр ғой. Бірақ Қазақстанда әділетті сот жоқ. Қазақстандық соттардың барлығы «Нұр Отан» басшылығы қолында. Атқарушы билік не айтады, тура сондай шешім шығарады. Сондықтан Байбекке айтқым келеді: Егер жасыратын ештеңесі болмаса, егер осы «Нұр Отан» партиясының жасап жатқан істерінің барлығын дұрыс деп санаса, онда ол менімен тікелей эфирде дебатқа шықсын. «Нұр Отанға» қатысты, елдің дамуына қатысты, өзінің жемқорлық істеріне қатысты, жер дауына қатысты осы мәселелердің барлығын тікелей эфирде халық алдында ашық талқылайлық, – деді Жанболат Мамай.

47 жастағы Бауыржан Байбек 2015 жылдың тамыз айынан бастап, 2019 жылдың 28 маусымына дейін Алматы әкімі болды. Бұған дейін Алматыда наразылық акциялары өтіп, кейбір тұрғындар оны «әкім болып тұрған кезде жемқорлық әрекеттерге барды» деп айыптаған. Бұған Байбек тарабынан реакция болмаған.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету