«Баянның соры боп жолыққан адам»: Дана Нұржігіт Алагөзов туралы ел күтпеген мәлімдеме жасады

Тележүргізуші өз ойымен желідегі парақшасында бөлісті.
«Кеше Баян Алагөзованың жеке шақыруымен оның авторлық мюзиклы шоу “Queen” ға бардым. Екі сағаттық қойылым-Баянның өмірі көз алдымнан өтті. Баян-замандасым, бір салада жүргенімізге 30 жылдан асыпты. Оның әншілігі, тілші, жүргізуші, продюсер, киноактриса, ұстаздығы бәрі-бәрі елге аян. Ол ештеңені жасырмайды. Бақытты екенін де, бақытсыз екенін де.
Жағдайға мойынсұнып та өмір сүруге болады, тып-тыныш. Ол бәрінің қолынан келеді. Ал Баян ішкі жан дүниесі қаламаған, сүймеген жерде тұншығатын адам. Ол шын сыйлатын, шын сүйетін адамына құрметін аямайды, ал шалқайғанға шалқаяды.
Баянның өлшемі — ішкі азаттығы, өзінің ары алдындағы адалдығы. Осы екі ұғымға қиянатты сезді ме, шыдап отыра бермейді! Күреседі! Иә, ол көпке ұнайды, ұнамайды да! Бірақ Баян тек өзінің жолын, өз үнін, өз көзқарасын таңдап,өз қағидасымен өмір сүреді. Кешегідей шоу Қазақстанның бір де бір актрисасына арнайы қойылмаған!
Күйеуі Тұрсынның арқасы. Алдымен “Баянның соры болды” деп жолыққан адам, бағы болып сүйіктісінің арманын орындады.Мюзикл-жанр ретінде бізде туып, бізде дамымаған өнер. Ондай әмбебап актерлар, режиссер, дыбыс, жарық режиссерларын табу, труппа жинау қиынның қиыны.
Оны мүмкін қылған Баянның арманы, Тұрсынның қаржысы.Түптеп келгенде екеуінің махаббаты. Балаларды да, спектакльді де дүниеге әкелген екеуінің шын сезімі. Олар өздеріне ұрын келген, кешіккен алапат сезімнен қашып құтыла алмайтынын біліп,сол үшін қан,қарғыс көрсе де тағдырдан бірге болуды күресіп барып,қалауын жұлып алған адамдар. Ғашықтар сондай эгоистер! Иә! Өйтпесе бірге болу жоқ! Бірақ екінші өмір де жоқ қой!
Баян сол өмірдің бір-ақ рет берілетінін,оның балын да,уын да сіміре ішуге дайын адам. Тәукелшіл адам. Жоқты бар ететін сұлу, нәзік, өжет күрескер Баян. Бұқара елде екі ұдайы пікір тудыратын да, өсекке де ілігетін,қарғысты та, алғысты қабылдап жүріп дегеніне жететін Баянның өмірбаяны сезім үшін, арман үшін күрес жолы. Осылайша бағын тапқан әр бір әйел, ТӘЖІН киген ПАТШАЙЫМ», — деп жазды тележүргізуші.