Баянауылда қырылған құстың саны мыңнан асып кетуі мүмкін
Сарыалақазбен қоса көлде өзге де құстар, аққулар жусап жатыр. Ауыл адамдары, орман инспекторлары ветеринарлармен бірге соңғы екі күнде мыңнан астам құстың өлексесін жинап, өртегендерін айтады.
Павлодар облысының Баянауыл ауданы Шалқар көлінің айналасында нағыз экологиялық апат қалыптасып отырғанға ұқсайды. Су айдынының айналасы өлген құстың жемтігіне толып, ветеринарлар мен жергілікті тұрғындар оларды жинап үлгере алмай жатыр.
— Соңғы екі күнде ауыл азаматтары, жергілікті орман қорғау қызметкерлері, ветеринарлар тізе қосып, көл айналасынан мыңға тарта құстың өлексесін жинадық. Әр 10-15 метр сайын кемі 10 құстың өлексесі жатыр. Айналдырған 300 метр жерден 600-ге тарта ұшаны жинап алдық. Өлген құстардың арасында тек сарыалақаз ғана емес, аққулар, үйректер, өзге де құс түрлері бар. Тіпті, жинап кеткен жерлерде қайтадан жаңа құс өлекселері табылды. Анау көл ортасындағы аралда, қамыс арасында кемі 600-700 өлексе жатыр. Оған Баянауылдан келген ветеринар мамандар жете алған жоқ. Дала құстарының барлығы белгісіз бір індеттен қырылып жатқаны анық. Бұл көлден Желтау және Қойтас ауылдарының малы су ішеді. Ертең бұл індет үй жануарларына жұғып, түлігіміз қырылып қала ма деген қорқыныш бар. Күніміз малға қарап отырған адамдармыз ғой. Ветеринария мамандары тек құс өлекселерінен сынама алып, Астанаға зерттеу үшін жібергендерін айтады. Ал көл суынан, топырақтан сынама алған жан жоқ. Көлдің айналасы қазіргі уақытта әбден құрттап, жағымсыз иіс жайлап тұр. Суда да әлдебір өзгеріс бардай, көлден жаман бір иіс мұрнымызға келеді, — деп мұңдарын шақты Шалқар көліне небәрі бір жарым шақырым жерде орналасқан Желтау ауылының тұрғындары.
«Бірақ қазіргі уақытта көл маңайын толық тазартуға күш-қуаттары жетпей тұр. Оның үстіне көл ортасындағы аралға жету үшін резеңке қайықтары да жоқ көрінеді. Ал өлген құстарды жағатын арнайы пештері дұрыс істемей, өлекселерді ашық далада өртеп жатыр», — дейді ауыл тұрғындары.
Осының барлығы ветеринария мамандарының аурудан немесе уланудан қырылған дала құстарын жинау, жою жұмыстарын талапқа сай жүргізбей отырғанын байқатады.
Бұған дейін аталған су айдынының айналасынан ветеринарлар 150 құстың ұшасын тауып, өртегені туралы хабарлаған едік.
Алайда өңірлік ветеринария басқармасының мәліметтері тұрғындар айтқан жайттармен сәйкес келмейді. Оның үстіне басқарма басшылары сарыалақаздан өзге құстардың қырылып жатқанынан бейхабар болып шықты.
— Қазіргі уақытта өлген құстардың нақты санын, түрлерін айта алмаймын. Себебі жинау, өртеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұған қоса 9 тамыз күні өлекселерден алынған сынаманың нәтижелері әлі шыққан жоқ. Ал судан, топырақтан сынама алмай отырғанымыздың да себебі бар. Ең әуелі зертхана құстардың індеттен немесе уланудан қырылғанын нақты көрсетуі керек. Егер құстардың уланғаны дәлелденсе, онда су мен топырақтан сынамалар алынады. Ал індеттің тарағаны анықталса, онда аумақта эпизоотиялық жағдайды тіркейміз. Қазіргі уақытта аумақ бойынша мал мен құстардың санын анықтап, талдау жүргізіп жатырмыз. Егер індет шықса, құстарды егу жүргізіледі. Ауру таратушы құстардың үлкен құс фабрикаларына түсіп кетпеуін қадағалаймыз, — деп жауап берді Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаев.
Басқарма өкілі бұған қоса Шалқар көлінің маңайындағы құстардың өлімі уланудан болуы мүмкін деген болжамын тағы бір нақтылады. Жақын жерде, яғни Қарағанды облысымен шекара маңында шаруашылық егін егіп отыр. Бұған қоса биыл жазда шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары жүргізілді. Құстар пестицидтерден немесе шегірткеге қарсы дәріден уланып қалған болып шығуы мүмкін. Сондықтан ауыл тұрғындары сабыр сақтап, зертхананың нәтижелерін күтуі керек дейді ол.