Бахрейнде жезөкше болған қазақстандық ару: Мені 5 мың долларға сатып алды

0

Қазақстандық бойжеткен 5 мың долларға шетелге сатылып кетті. Бахрейнде құлдыққа салынып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған. Бойжеткен басынан өткенін айтып, көзіне жас алды. Ақша табуға барған ару амалсыз күң болып күнін көрген.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Кафеде өзара әңгіме айтып отырған екі қызбен бейтаныс әйел келіп танысады. Ол Бахрейнде жұмыс барын айтып, қыздарға ұсыныс тастайды. Жеңіл жұмыс істеп, қомақты ақша табуға болатынын айтып алдайды. Көлігі, ақшасы бар әйелге екі қыз сене бастайды. Осылайша құжаттарын реттеп шетелге жұмысқа аттанады.

Бойжеткенді әуежайдан ер азамат күтіп алады. Ол қызды 5 мың долларға сатып алғанын, сол күннен бастап құл болатынын кесіп айтады. Алданған қыздар жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болады.

«Менен кейін де қыздар келіп жатты. Олардың ішінде кәмілетке толмаған қыздар да болды. Олар қатты қорыққанынан тамырын кесіп жібергендер болды. Олар мұнымен тоқтамады. Жас қыздарды сатып алып келіп жатты», — деді кейіпкер.

Кәмілетке толмаған қыздар қалай шетел асқан? Оларға жалған құжат жасатқан. Ата-анасының атынан жалған сенім хат жазғызады немесе тұрмысқа шығуға рұқсат беретіні туралы құжаттарды жасайды.

Шымкент тұрғыны осы жерде бір апта құлдықта болды. Ол әкімшілік жұмысқа барамын деп алданған. Ол сәтте қыздың жасы 26-да еді. Жасы сай келмеген соң үйіне кері қайтарылған. Алайда бір аптада көрген қорлығы аз емес.

«Бір қыз тамақтың қатерлі ісігі дертімен ауырды. Қан құсып жүрді. Қырғызстандық клиент айтқанына көнбеген соң бір ұрған екен. Ол сол жерде талып жатты. Жасы небәрі 16-17 жас еді», — деді Шымкент тұрғыны.

Шетелге аттанатын қыздардың көбісі аз қамтылған отбасына шыққан немесе ата-анасы жоқ қыздар. Артынан іздеушісі жоқ қыздарды жеңгетайлар алдауға тез көндіреді.

Алайда толыққанды отбасынан шыққан, бірнеше тіл білетін, өз күтіміне қарайтын қыздар да осы жолда ақша табатын көрінеді. Себебі, клиенттердің сұрауы осындай қыздарға түседі.

Оңай жұмыс тауып берем деп алдайтын жеңгетайлар жаныңызда жүруі мүмкін. Саябақта, кафеде, сіз отырған жерде отыруы мүмкін. Сәтін тауып, ұсыныстарын айта бастайды. Ондайда оңай ақша мен бейтаныс адамның ұсынысынан бас тартыңыз.

«Қыздарға кеңесім, оңай ақша мен жеңіл жұмысқа ермеңіздер. Шетелде жұмыс бар десе, 100 рет ойланып барып шешім қабылдаңыз. Оңай ақша жоқ. Опық жеп, жаман жолға түсуден сақтаныңыздар», — дейді кейіпкер қыз.