Бағы кем бессайыс
Бессайыс Олимпия ойындарының бағдарламасына сонау 1902 жылы енген. Алғашында ерлер ғана күш сынасса, 2000 жылдан бері әйелдер де сайысқа түсе бастады. Олимпиадада қанжығасы ең көп майланған командалар – Венгрия мен Швеция. Осы елдің өрендерінің әрқайсысы 9 алтынды қоржынға салды. Келмеске кеткен Кеңес Одағының спортшылары 5 рет топ жарса, Ресей өкілдері 4 мәрте дара шықты. Төртжылдықтың басты додасында Польшаның әнұраны үш мәрте шырқалса, Италия, Ұлыбритания және Германияның бессайысшылары екі реттен бас жүлдені олжалады. Ал 1949-2018 жылдар аралығында үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан әлем чемпионаттарында да олжаға кенеліп жүрген командалар да осылар.
Соңғы жарыстарға тоқталсақ, 2016 жылы Риода алауы тұтанған Олимпия ойындарында ерлер арасында ресейлік Александр Лесун озса, украиналық Павел Тимошенко мен мексикалық Исмаэль Эрнандес жүлдегерлер қатарына қосылды. Әйелдер сайысында аустралиялық Хлой Эспизито алтыннан алқа тағынса, франциялық Элоди Клувель мен польшалық Октавия Новацкаяға күміс пен қола бұйырды.
Биыл Мексикада өткен әлем чемпионатында ерлер арасында ұлыбританиялық Джеймс Кук топ жарса, франциялық Валентин Прадес пен украиналық Павел Тимошенко екінші және үшінші орынға табан тіреді. Әйелдер бәсекесінде белоруссиялық Анастасия Прокопенко алдына жан салмаса, германиялық Анника Шлеу мен франциялық Мари Отейза күміс пен қола жүлдеге қол созды. Міне, бүгінгі таңда осы елдің өрендері бессайыс өнерінде үстемдік құруда.
Бұл әңгімені біз бекер қозғап отырған жоқпыз. Кезінде спорттың бұл түрі Қазақстанда да қарыштап дамығаны егде тартқан жанкүйерлердің есінде. Дүбірлі додаларда табысты өнер көрсеткендер қатарында Бақи Елқондиев, Борис Сариев, Батырбек Мұхамедяров, Тимур Досымбетов сынды өз қандастарымыз да болды. Алғашқы үшеуі талай жарыста жүлде алып, Одақ көлемінде кеңінен танылды. Олар өз дәуірінің елеулі тұлғаларына айналды. Ал Досымбетов 1979-1983 жылдар аралығында бүкілодақтық және халықаралық додаларда дараланды. 1982 жылы Римде өткен әлем чемпионатының командалық сайысында құрамында душанбелік Анатолий Старостин, краснодарлық Евгений Липеев және алматылық Тимур Досымбетов сынды саңлақтары бар КСРО құрамасы бас жүлдені олжалады. Осылайша, қандасымыздың есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылды.
Әр жылдары Анатолий Ким, Василий Коновалов, Виктор Сватенко, Юрий Савицкий, Юрий Тагобецкий, Николай Тисленко, Валерий Кашельский, Виктор Монахов, Евгений Бессонов, Виктор Сычев және тағы басқа саңлақтар дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, спорттың осы түрінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
Біздің елден шыққан саңлақтар осымен ғана шектелмейді. 1964 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында бессайысшылардың командалық жарысында Виктор Минеевтің топ жарғаны сол кездегі жанкүйерлердің есінде. Украинада туып-өскенімен, оның жастық шағы Алматыда өтті. Алатау баурайында ол спорттың сан алуан түрімен айналысты. 1956 жылы су добынан ел чемпионы атанды. Қазақ дене шынықтыру институтында оқып жүрген кезінде бессайысқа мықтап ден қойды. «Қайрат» пен «Буревестник» қоғамының мүшесі болды. Сондықтан Минеевті де «Біздің елдің түлегі!» деп айта аламыз.
Кейіннен Бакуге қоныс аударған Виктор Минеев КСРО чемпионаты және көптеген халықаралық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Әлем чемпионаттарында үш рет күміс медальды мойнына ілді. Оның есімі Әзербайжаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды.
Осылай тізбектей берсек, қазақ даласынан да талай мықты бессайысшының шыққанын аңғару қиын емес. Кеңес Одағының уығы шайқалғаннан кейін де жерлестерміз біраз уақытқа дейін байрақты бәсекелерде тәп-тәуір өнер көрсетті.
Әлі есімізде, 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі Александр Парыгин айды аспанға бір-ақ шығарып, алтын медальды жеңіп алды. Жасыратыны жоқ, бұл жігіттен дәл сол кездері ешкім осындай ерлік күткен жоқ еді. Біздер тұрмақ, күллі әлем жұртшылығы таңданыстан бастарын шайқады. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары «Сенсация!» деп дабыл қақты…
…Осыдан 22 жыл бұрын Атлантада өткен сол бәсеке күні бүгінгідей көз алдымызда. Бессайыстың бағдарламасындағы ат жарысы, семсерлесу, нысана көздеу және жүзу сайыстары аяқталып, спортшылар үшін ең соңғы сынақ қалды. Ол – жүгіру еді. Мәреге санаулы метрлер қалғанда шашасына шаң жұқтырмай келе жатқан Барселона Олимпиадасының күміс және қола жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы, ресейлік Эдуард Зеновканың тынысы тарыла бастады. Ол жығылып бара жатып, Александр Парыгинді етегінен ұстап қалуға тырысты. Бірақ қарсыласының теріс пиғылын дер кезінде түсінген жерлесіміз Зеновкаға ондай мүмкіндік бермеді. Осылайша, мәре сызығын бірінші болып қиып өткен қазақстандық спортшы Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – ел спорты тарихындағы теңдессіз оқиғалардың бірі еді.
Ал арада бірер апта өткенде Римде жалауы желбірген әлем чемпионатында құрамында Александр Парыгин, Дмитрий Тюрин және Олег Ребров сынды сайыпқырандары бар Қазақстан командасы қола медальды қоржынға салды. Содан екі жыл бұрын Хиросимадағы Азия ойындарында дәл сол үштік алтын тұғырға көтерілген еді. Жасыратыны жоқ, осындай толағай табыстан кейін отандық бессайыста тың серпіліс болып, осы спорт түрі жаңа көкжиектерге бет алады деп ойладық. Алдағы уақытта Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жеңіс тұғырына көтерілетін өрендеріміз көбейеді деп үміттендік.
Атлантадағы ойындар аяқталғаннан кейін ардагер спортшы, КСРО халықтары спартакиадасының жүлдегері, білікті бапкер Борис Сариевпен жолығып, тілдескенім бар. Сол кезде-ақ ол кісі: «Сашаның жеңісіне баршамыз қуанып отырмыз. Расында да, бұл ешкім күтпеген тосын сый болды. Атлантада Парыгин үлкен ерлік жасады. Бірақ осы табысты қанағат тұтып, қол қусырап отыра беруге болмайды. Дәп қазіргі кезде мені бессайыстың болашағы қатты алаңдатып отыр. Соған мазасызданамын. Жеңісті дәстүрді жалғастыру үшін бізге әлі көп еңбектену, іздену қажет. Көптің көңіліне келсе де айтайын: бұл күндері бессайысты дамыту үшін Қазақстанда ештеңе жасалып жатқан жоқ. Оны мойындауға тиіспіз. Бұрынғы жүйе жарамсыз. Арнайы база жоқ. Білікті бапкерлер тапшы. Ең өкініштісі, спортың бұл түріне деген басшылардың көзқарасы түзу емес. Ал ондай жағдайда іс өрге басады дегенге сену қиын. Дереу осы олқылықтардың орнын толтыру қажет. Әйтпесе жағдай оңалмайды. Қара да тұрыңыз, Александр Парыгин үлкен спорттан кеткеннен кейін біздің жер сипап қалуымыз да ғажап емес», деп ақтарыла сөйлеген еді.
Иә, ақсақалдың айтқаны айдай келді. Одан кейін арада 22 жыл өтсе да, Қазақстанда бессайысқа деген көзқарас еш өзгерген жоқ. Соның салдарынан нәтижеміз жылдан-жылға төмендеді. Александр Парыгиннің өзі Аустралияға қоныс аударып, сол елдің туы астында өнер көрсетуге бел буды. Бірақ ол дүбірлі додаларда қалың топтың арасында қалып қойды. Парыгиннің ізін басқан өрендер құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілгенімен, дүбірлі додаларда даралана алмады. Қазіргі кезде біздер үшін Олимпиада мен әлем чемпионатында жүлде алу мұңға айналды. Мәселен, 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан қоржынымыз бос қайтты. 2004 жылы Афиныға аттанған Лада Жиенбаланова 14-орында қалып қойды. 2008 жылы Бейжіңдегі ойындарға да сол спортшы барды. Ол жарыстағы нәтижесі тіптен төмен. Лада небәрі 36-орынға табан тіреді. Өз өрендерімізден қайыр болмағаннан соң Ресейден Павел Ильяшенконы шақырттық. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 29-орында қалып қойды. 2016 жылы алауы тұтанған Риодағы додада отандастарымыз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Сол секілді сан мәрте жалауы желбіреген әлем чемпионаттарында да бірде-бір жерлесіміз атой салуға жарамады.
Міне, отандық бессайыстың қазіргі жай-күйі осындай. Әрине жеңіспен өрілген дәстүрі бар спорт түрін Қазақстанда өз деңгейінде дамыта алмай отырғанымыз өкінішті.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»