Бағдат Сәмидинова «халтурщик» әншілер деп кімдерді айтты?
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісінің пікірінше, қазіргі таңда сахнада кәсіби емес әншілер көбейіп кеткен
НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik, Дәурен Ерболат. Еліміздің кәсіби әншілері фонограммасыз ән айтуды қолдайды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салу мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл бастаманы сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов көтерген болатын. Кейін бір топ өнер қайраткері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жолдап, қазақ өнерінің кәсіби дамуына кедергі келтіретін фонограммамен ән, күй орындауға заңмен шектеу қоюдың уақыты келгенін мәлімдеген.
«Халық қандай музыканы тыңдайтынын өзі біледі»
Елімізге танымал әнші Маржан Арапбаева бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
«Егер фонограммамен ән орындауға заңмен шектеу қойылса, заң қабылданса, біз оған қарсы шықпаймыз. Кімнің кім екені белгілі болады. Бұл – әділдік қой. Көрермендердің жанды дауысты естуге құқығы бар. Егер олар әншінің жанды дауысын естігісі келіп, оның жеке концертіне ақша төлеп кірсе. Менің ойымша, ерте ме, кеш пе бұл заң дайындалады. Мен оған сенімдімін», — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Арапбаева заңды қабылдамас бұрын әншілердің де пікірі ескерілуі керек дейді. Сонымен қатар ол аталған мәселеда халықтың пікірі әртүрлі екенін атап өтті.
«Бүгінде көрермен қандай музыканы тыңдайтынын өзі біледі. Мысалы, Алматыда әншілер табиғи дауыспен тегін концерт өткізді. Оған мен де қатыстым. Өкінішке қарай, концертке халық аз жиналды. Сол күні Республика сарайында тағы бір ән кеші ұйымдастырылды. Онда әншілер фонограммамен ән айтты. Халық сол жаққа барды. Кім кінәлі? Айту қиын. Себебі, жұрт соны қалап тұр ғой. Бірақ, онда қандай эстрада әншілерінің өнер көрсеткенін айтпай-ақ қояйын», — дейді Маржан Арапбаева.
Оның пікірінше, фонограммамен ән айтуға тыйым салатын заң әншілерді сұрыптауға мүмкіндік береді.
«Бұл бізге керек. Бұл әншілерді сұрыптауға жол ашады. Дауысты әркім тазалай алады. Біріншіден, халықты жанды дауысқа үйрету керек. Екіншіден, халықтың әншілерге сын көзбен қарайтынын ұмытпау керек, әрі сын орынды болған жөн. Себебі, жас әнші кейбір ноталарды ала алмай, қателесуі мүмкін. Тіпті, әлем жұлдыздары да ән айтқан кезде қателеседі. Бұл – табиғаттың заңды құбылысы», — дейді ол.
«Кез келген кәсіби әнші фонограммасыз ән айта алады»
Әнші, сазгер Құрмаш Махан да фонограммамен ән орындауды заңмен шектеу бастамасын қолдайды.
«Себебі, әнші болған соң, әнді нақышына келтіре, табиғи дауыспен орындау керек. Кейбір телевизиялық жобалардың басты талабы фонограммамен ән айту болды. Бұл тенденция осыдан 30-40 жыл бұрын басталған шығар. Кейін мұндай әдіс кеңінен қолданысқа енді. Музыкалық бағдарламалардың басым бөлігі фонограмма болып кетті. Аталған тенденция әншілердің көзқарасына әсер етті», — дейді сазгер.
Осы орайда ол қазақ эстрадасының өкілдері «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді мақсат етіп отырмағанын жеткізді. Оның пікірінше, еліміздегі кез келген кәсіби әнші фонограммасыз ән айта алады.
«Бір кездері әншілер телеарналардағы музыкалық бағдарламаларда өнер көрсетіп, сол арқылы жарнама жасады. Менің ойымша, бұл әншіге және өнерге зиянын тигізді. Құдайға шүкір, қазақтың кез келген кәсіби әншісі табиғи дауыста айта алады», — дейді Құрмаш Махан.
«Халықты жаман үйретіп алдық»
Алайда Бағдат Сәмидинова қазіргі таңда сахнада кәсіби деңгейі төмен әншілердің көбейіп кеткеніне қынжылады.
«Фонограммамен ән айтуға тыйым салу заңы өнер адамдарына қажет. «Өнерде өсемін, болашағым бар» дейтін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын әнші міндетті түрде табиғи дауыспен айтуы шарт. Кәсіби әншілер бар. Бірақ «халтурщик» әншілердің үлесі басым. Сахнада кәсіби емес әншілер толып жүр.
Сондықтан халық әншілер тек фонограммамен ән айтады деген пікірде», — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі.
Оның айтуынша, кеңес үкіметі тұсында әншілерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, жоғары талап қойылған.
«Мемлекет тарапынан бақылау болды. Көркемдік кеңес жұмыс істеді. Сол кеңестен өткен әнші ғана сахнаға шығуға рұқсат алды. Ал қазір заман басқа, әркімнің еркі өзінде», — дейді Бағдат Сәмидинова.
Сонымен қатар әнші тойға шығатын әншілерді түсінетінін, онда табиғи дауыста ән айту мүмкін еместігін атап өтті.
«Той мен концерттік бағдарламалардың әндері бөлек болуы керек. Әндерді сұрыптап отыратын көркемдік кеңес қажет. Үлкен сахнада тойда айтылатын әндердің шырқалуына қарсымын. Халықты жаман үйретіп алдық. Кей кездері қайда отырғанымызды білмей қаламыз», — деп түйіндеді сөзін Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі.
sputniknews.kz