Бағдат Мусин Түркияда зілзала кезінде көз жұмған Мирболат Құрмашевпен курстас болғаны туралы жазды
Цифрлық даму, инновациялар және аоэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Түркияда зілзала кезінде көз жұмған Мирболат Құрмашевпен курстас болғаны туралы жазды.
«Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді…Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус (Мирболат Құрмашев — авт.) бауырымыздан айырылып қалдық. Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Дінге берік адам еді. Мағжан Астана хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмек етті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты. Қазақстанда оның бірнеше бизнес бастамалары болған, 2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ Мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты.
Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін мен идеяларымды шет елде жүзеге асырамын, деді ол. Мирус — жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты. Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Стамбулдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған Астана Хабтың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді. Студенттік кезден де біраз жақсы естеліктер бар, жақын араласқан жолдастары оларды айтып жатар деп ойлаймын. Иманды болсын! Жаның жәннаттан орын тапсын бауырым», — деп жазды Б. Мумин желідегі парақшасында.