“Бағанға асылып, стриптиз көрсетеді”: Спортшылар депутаттың сөзіне наразылық білдіріп, Тоқаевтан шара қолдануды сұрады
Қазақстанның әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясы “бағанға көтеріліп стриптиз көрсететін спорт” деп мәлімдеме жасаған мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков пен Дәулет Мұқаевқа шара қолдануды сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш жолдады. Айтуларынша, депутаттардың сөзінен кейін спортшы балалар буллингке тап болған. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков туризм министрлігін сынға алып, паралимпиаданы қолдамақ болған кезде қазақстандықтарға бейтаныс спорт түрлерінің көп екенін айтты. Соның ішінде пилондағы эквилибр спортын “бағанға асылып, стриптиз көрсететін спорт” деп атады. Ал Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде бұл спорт түрінің түпкі мәні стриптиз деп жазған.
“180 спорт түріне кетіп жатқан есіл ақша. Оның ішінде стриптиз биі де жүр. Ол да – бір спорт түрі. Яғни ресми атауы “спорт на пилоне”! Бірақ түпкі мәні – стриптиз”, – деп жазды Мұқаев Instagram-парақшасында.
Еліміздің бірнеше өңіріндегі пилоншылар үндеу жолдап, оларды масқаралап, “стриптизшіге” теңегені үшін кешірім сұрауын талап етті.
“Серіков ресми спорт түрі – пилондағы спортымызды ашықтан-ашық балағаттап, масқаралады! Сондай-ақ депутат Мұқаев Instagram әлеуметтік желісінде миллиондаған аудиториясы бар аккаунтында спортымызды масқаралап, жала жапты!
Федерация спортшыларының көбі – кәмелетке толмаған балалар, олар үлкен бәсеке жағдайында халықаралық және әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары! Сол арқылы сүйікті Қазақстанымызды бүкіл әлемге дәріптейміз!
Біздің спорт салыстырмалы түрде жас, бірақ қарқынды дамып келеді. Федерация басшылығы, төрешілер, жаттықтырушылар, спортшылар елімізде спорттың дамуы мен танымал болуы үшін күн сайын еңбек етіп келеді! Сондықтан біз депутаттың федерациямыздың беделіне нұқсан келтіретін мұндай мәлімдемелеріне наразымыз!”, – деп мәлімдеді әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерация.
Жас пилоншылардың ата-аналарының айтуынша, осыдан кейін балалары буллингтің құрбанына айналып, құрдастарының алдында күлкі мен мазаққа қалған.
“Әркім өз деңгейіне сай ойлайды. Серіков пилонды тек стриптиз кезінде көрген шығар. Сол себепті де стриптиз таяғы мен пилонды айыра алмай тұр”, “Әуе спортымен айналысатын 10-14 жастағы балаларға қарап, оны стриптиз деп қабылдағаны қорқынышты. Балаларды сексуалдандыруды қойыңыздар”, “Кешірім сұрасын, осыдан кейін спортшыларымыздың құрдастары оларды стриптизшілер деп мазақтап, қорлайтынды шығарды” деп жазды ата-аналар.
Федерация спорт түрлеріне қыруар қаражат бөлініп жатыр деген депутаттың сөзін жоққа шығарды. Мәлімдеуінше, балалар жарысқа қатысса, олардың шығынын ата-аналар өздері көтереді.
“Мемлекеттің қаржыландыруы туралы айтсақ, рейтинг нәтижелері бойынша «Пилондағы спорт» С тобына кіреді және басым спорт түріне жатпайды, яғни мемлекет қаржыландыратын бағдарламаға кірмейміз. Еліміздің басты чемпионаттарында спорт министрлігі бізге дипломдар, кубоктар, медальдар береді. Қалған шығынның барлығын жаттықтырушылар, спортшылар және ата-аналар өздері төлейді”, – деп жазылған ведомство хабарламасында.