Бағаналы бағыт — Әнес Сарай
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ел еңсесін тағы бір көтеріп, «Рухани жаңғыру» жайын тағы бір пысықтап, бағыт-бағдарды одан сайын анықтай түскен, парыз-міндетті одан сайын нықтылай түскен айрықша бағдарлама екен. Мен бұл мақаладағы екі жайға ерекше тоқталғанды жөн санадым.
Бірінші, Ұлы даладағы ежелгі металлургия жайы. Мұны біздің шын тарихымызға беріліп отырған тың сипаттама деуге болады. Өйткені Президент елдің ендігі беталысы жөнінде толғаған «Ұлы даланың жеті қыры» аталатын мақаласында арнайы айтып отыр. Бұл – біздің көне тарихымызды тек көшпенділік деп қана ұғатын өзге жұртқа біздің ата-бабаларымыздың металлург болғанын, кенші болғанын айта отырып, әлемдік өркениетте ордадай орнын шегендеу. Келер ұрпақ ұлан-байтақ қазақ жерінің металл өндірудің ежелгі отаны екендігін оның көшпенді ұлы мәдениетімен қатар атайтын болады. Керек десеңіз, бұл көшпенділер туралы идеологиямыздың басында тұру керек. Себебі түркі әлемінің үлкен державаға айналуының мәні оның металлургияны меңгергенінде, қару-жарақты өздері жасағанында болып отыр. Түркі патшалығы қару-жарақты Қытайдан, Тибеттен не басқа жерден алмаған, өздері жасаған. Жасаған қару-жарақтары өзгелердің қару-жарағынан мықтырақ, артық болған. Сонау ерте заманда мынау Алтайдың бір аңғарында жауын жауады екен, жауынмен бірге темір жауады екен. Сол темірден металл қорытып, қылыш, найза сынды қыруар қару жасаған, ол қаруларға ешнәрсе жетпеген дейді. Оны зерттеп көрген ғалымдар, оның қасиеті шарболатпен бірдей деп бағалаған. Солай деп жазған. Шарболат деген темірдің ең шыңдалған түрі ғой.
Біздің Алтайдың шығысы мен Саян тауының айналасына барсаңыз, ұңғыл-шұңғыл, ойпаң-шұңқыр жерлер өте көп. Соның бәрі біздің ата-бабаларымыз қазған кендер ғой. Металлургия өндірген, кен алған үлкен қалалардың біреуінің орны Қарқаралыда жатыр. Кент дейтін қаланың орны. Арқада, Ұлытау аймағында да бар. Әсіресе Егіндікөлден табылған қазба жұмыстарында бір жерден темір қорытатын сегіз пеш табылған. Елбасы оны да тілге тиек етіпті. Ол пештерді үй жылытуға да пайдаланған. Қазір осы саланың мамандарына мұндай тарихты сабақ ретінде оқытса, үлкен цивилизацияның төркіні қайда екенін біліп қана қоймай, оны мақтан тұтар еді ғой.
Мысалы, Алтын адам туралы айтсақ, бірінші Алтын адам 1932 жылы Електің бойынан табылған. Орталық, Шығыс Қазақстан, скиф, сақ тайпалары жүрген жерлердің барлығынан Алтын адам табылуы керек. Орал облысында он сегіз үлкен төбе тұр. Қазір қорық ретінде − қорғауда. Үлкен төбеге көмген патшалар зираттарының бәрінде де Алтын адам жатыр. Терістік Қазақстан, Орал тауына келгенде ұшатын адамдардың символын жасаған бейнелер бар. Мұның бәрі өркениет емей, не? Міне, Елбасының осы мақаласы бұл жағынан Ұлы даланың ұрпақтарына өте үлкен, тың өріс ашып отыр. Мұның болашағы өте зор әңгіме.
Екіншіден, түркі әлемінің генезисі жайындағы ойлар өте құптарлық, іліп әкететін игі іс. Оны тіпті бірінші орынға қойып әңгіме қылсақ та болады. Бұл – тұтас түркінің басын біріктіруге қызмет ететін тақырып. Кезінде Кеңес Одағының идеологиясы «пантюркизм» деп бұл тақырыпты теріске шығарып тастады. Ғалымдарды қудалады, тіпті өлтірді. Өздері еуроцентризм дегенді дабырайтып, пантюркизмді құбыжық етіп көрсетті. Әр халық өзінің басы бірге болуы жолында күресуге міндетті. Сол тұрғыдан келгенде түркі генезисі деген біздің келешектегі тереңдетіп жазатын тақырыбымыз болуы керек. Батыл қадамдар жасалуы тиіс. Елбасы осыған ерекше даңғыл жол ашып беріп отыр.
Мақаладағы басқа тақырыптар жөнінде де көп айтуға болады. Біздің Қазақстанның территориясында бірнеше Жібек жолы болған. Елбасы оны қайта жаңғыртудың, дамытудың бағыттарын да жасады. Бұлардың қай-қайсысын да айтудың артықтығы жоқ. Алайда жоғарыдағы екі мәселе өте өзекті, қазақ жұртына, қала берді тұтас түркі халықтарына тың серпіліс әкелетін бағаналы бағыт.
Әнес САРАЙ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты