БАБА АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы саясаттанушылар орталығы өкілдері «Жас саясаттанушылар» мектебінің мүшелерімен кездесті.
«Қазақстан және әлеуметтік қауымдастық» атты тақырыптағы басқосу ашық пікірталас форматында өтті. Басқосудың мақсаты – еліміздегі саяси-әлеуметтік мәселелер төңірегінде жастардың пікірін тыңдап, тарихи сана қалыптастыру. Жастарды ғылымға тартып, партияның қазіргі жұмыстарын түсіндіру және белсенді болуға үндеу. Ашық пікірталас алаңында болған басқосуда «Нұр Отан» партиясы жанындағы Саясаттанушылар орталығының мүшесі Сайфолла Сапанов: «Алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарлардың ауқымы кең. Соның ішінде облыс көлемінде әлі зерттелмеген қасиетті жерлерді зерттеу, этнографиялық-археологиялық экспедициялар ұйымдастыру, насихаттау мен талдау секілді жауапкершілігі мол жұмыстар күтіп тұр», – деді.
Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының бастамасымен «Қарой – Шейітсай – Қарой», «Ақмешіт – Бекет ата» автоэкспедициялары ұйымдастырылып, құрамында саясаттанушылар орталығының мүшелері, жас ғалымдар мен өлкетанушылар бар топ көптеген тың деректер жинақтады. Ал биыл халықаралық деңгейде «Сарайшық – Арыстан баб – Қожа Ахмет Яссауи – Әйтеке би кесенесі (Өзбекстан)» экспедициясы ұйымдастырылып, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар тарихы зерделеніп, насихатталды. Басқосуда осы экспедиция құрамында болған «Жас саясаттанушылар» мектебінің мүшесі Әділбек Өмірзақтың айтуынша, аталған экспедицияның алпыс пайызы жастардан жасақталып, ұйымдастыру жұмыстары да негізінен жастарға жүктелген. Бұл жастардың тарихты білуге бетбұрыс жасауына маңызды. Экспедиция құрамындағы жасотандық белсенділер тарихта тұлға болып танылған бабаларымыздың өмірі туралы естігендерін санада қайта жаңғыртып, оны білмегендерге насихаттап, бір жағынан өздерінің жауапкершілігін шыңдауға мүмкіндік алды.
Ұлттың тарихын зерделеп, зерттеп ұрпаққа жеткізу – әр буынның азаматтық парызы. Осы тұрғыда аға буын мен жас буын арасындағы тарихи-танымдық байланыстың берік болуы осындай экспедициялар арқылы нығая түседі. Бабаларымыз ұстанған елдің бірлігі, жерінің тұтастығы үшін жасаған істерін білу, ұлттық құндылықтарды сақтаудағы қағидаларға берік болу – уақыт күттірмейтін іс. Сондықтан да еркін пікірлесу алаңында жас саясаттанушылар елінің патриотына, елін сүйген азаматқа тән ұлттық сана қалыптастыру жолында шынайы тарихты білу арқылы тарихи сананы бекіту маңызды деген тоқтамның дұрыстығын қуаттап, алға қойған мақсаттары үшін жауапкершілікпен жұмыс істеу келешекке қызмет ету екенін түйсінгендей болды.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы
Дереккөз: Айқын