Б.Сағынтаев өрт қауіпсіздігін қайта тексеруге тапсырма берді
«Алдағы тәуліктерде бірқатар өңірде күн суытады деп күтілуде. Сол себепті әкімдіктердің, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтерінің назарын өрт қаупі мәселесіне аударамын. Жылу беру жүйелерінде жылу температурасы артады. Жеке үйлерде пеш жағу күшейеді. Сондықтан қауіпсіздік техникасының сақталуына ерекше мән беріңіздер. ІІМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жылу беру маусымы аяқталғанша өрт қауіпсіздігі айлығын қайта бастасын. Қалмұханбет Нұрмаханбетұлы, бұл мәселе сіздің жеке бақылауыңызға», деді Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрі Қасымовқа.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жылу мен энергия беретін барлық ұйымдар, әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық қызметтері тұтынушыларды жеткілікті деңгейде жылумен және жарықпен қамтамасыз етсін деген тапсырма берді. «Барлық қызметтер іркіліссіз және апатсыз жұмыс істеуі қажет. Әкімдіктердің ерекше бақылауына алынсын», деді Бақытжан Сағынтаев. Премьер-Министр өрт қауіпсіздігін тексерушілердің негізсіз қылықтарын әлеуметтік желіде сынға алу күшейіп тұрғанына да тоқталды. «Әлеуметтік желілерде айтылып жатыр, тексерушілер жеке үйлерге өрт қауіпсіздігін тексеруге келген кезде үйге кіреді екен де: «Ештеңе тексермей-ақ қояйын, ақша берсең кете береміз» дейді екен. Мәселенің барлығы содан басталып отыр. Осыған баса көңіл аударыңыздар. Қатаң талап болуы керек. Сонда ғана кешегідей болған қайғылы жағдайға жол бермейміз», — деді ол. Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына көңіл айтты.
Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде Астанадағы «Көктал-1» мөлтек ауданында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанада өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 13 жасар, 11 жасар, 5 жасар, 3 жасар және 3 айлық — 5 қыз баланың денесі табылды. Оқиға орын алған уақытта балалардың ата-анасы түнгі жұмыста болған.
Дереккөз: http://egemen.kz/