АЗЫҚ-ТҮЛІК АЛЫП БЕРДІ | «Айқын» газеті
Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға акция аясында көмек көрсетілді. Оған нұротандық депутаттар мен партия белсенділері атсалысты.
Перизат Оразбай інісінің 6 баласын қамқорлығына алыпты. Қазір өз балаларымен бірге жолдасы екеуі 9 бала тәрбиелеп отыр. Бауырына басқан балалардың алды 3-сыныпта оқып жүрсе, кішісі 5 жаста. Балаларды облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Әсел Сарманова қысқы киіммен қамтамасыз етті.
– Қамқорлығыма алған інімнің балалары Мақсат пен Зухраға күртеше қажет болды. Партиялықтарға өтініш білдірген болатынмын. Бүгін міне, тек күртеше ғана емес, аяқ киім, бас киім, жалпы түгел қысқы киімдерді сыйға тартты. Ризашылығым шексіз, – дейді көпбалалы ана.
Акция аясында көмек алған отбасылардың бірі – Лаура Аманқұлова. Ол жалғыз өзі төрт бала тәрбиелеп отыр. Жолдасы дүниеден озған. Бірнеше жылдан бері ағасының аядай екі бөлмелі үйін уақытша паналауда.
– Балаларымның үшеуі мектеп жасында, біреуі кішкентай. Өзімнің тұрақты жұмысым жоқ. Сондықтан партиялықтардан көмек сұраған болатынмын. Біраз күнге жетерлік азық-түлік әкеліп берді. Үй мәселесі туралы өтінішімді де жазып алды, – деді Лаура.
Партиялықтар осы күні Бозжігітовтердің отбасында болып, ұл мен қыз тәрбиелеп отырған екінші топ мүгедектері Жұмақұл мен Гүлмираға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Жансая ҚАМБАР
Дереккөз: Айқын