Азия чемпионаты: Бүгін рингке Назым Қызайбай шығады
Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін бір боксшымыз алғашқы жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әйелдер құрамасынан Назым Қызайбай 3 қарашада таиландтық Раксат Чутхаматпен қолғап түйістіреді.
Назым Қызайбай 1993 жылы дүниеге келген. 2012 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2014, 2016 жылдарда алтыннан алқа тақты.
2021 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кетейік, 2 қарашада ел құрамасынан үш боксшымыз сынға түсті. Олардың қатарынан Сәкен Бибосынов (51 келі), Серік Теміржанов (57 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Ал Санатәлі Төлтаев (63,5 келі) жарыс жолынан шығып қалды.
Азия чемпионаты 13 қарашаға дейін жалғасады.