Ажырасудың алдын алуға болады: Жұбайымен айырылысып кеткен блогер отбасын сақтап қалуға болатынына сенімді – Қазақстан жаңалықтары

0
167

Әлеуметтік желіде үлгілі отағасы болудың қыр-сырымен бөлісіп, бала тәрбиесіне белсенді атсалысып жүрген отандасымыз, танымал блогер Медет Үсеров Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, ажырасқаннан кейін ер адамдардың өмірі қалай өзгеретінін, қандай қиындықтардың пайда болатынын айтып, некені бұзбауға шақырды. Сонымен қатар, ол екі ұлын қалай тәрбиелейтінін, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты қалай жақсарту керектігімен бөлісті.

Медет, сіз Instagram желідегі парақшаңызда балаларыңызға әкеңізден алған тәрбиеңізді бергіңіз келетінін жаздыңыз. Бала тәрбиелеуде әкеңіз қандай әдістерді пайдаланды? 

Әкем қауырт жұмыс істеп, кейде түнгі ауысымға шығып еңбектенсе де, ағам екеумізге міндетті түрде уақыт тауып, көңіл бөлетін. Сабақ оқуға көмектесу, білмегенді үйрету сынды дүниелерден бөлек бізбен балаша ойнап, бойымызға адамгершілік қасиеттерді сіңіртті. Бізбен сөйлесе білді. Ақындық қабілеті бар әкем бізге арнап әдемі-әдемі өлеңдерді шығаратын. Ұйқы алдында өзі түрлі кейпкерлерді ойлап тауып, ертегі айтатын. Ішегіміз қатқанша ертегілеріне қарқылдап күлуші едік. Қазір оның ертегілерінен балаларым Марғұлан мен Темірланның  езуі жиылмайды. Әкемнен көрген жақсылығымды балаларымның бойына дарытып келемін. Тұңғышым Марғұлан онда, ал екінші ұлым Темірлан жақында жетіге толады. Екеуінің мінезі екі түрлі болғандықтан тәрбиелеу әдістері де бөлек. Біреуі жауапкершілікті сезініп, көзқарасын қалыптастыра бастаса, оған айтар ақыл-кеңес те болуы қажет, екіншісіне ішкі жан-дүниесіндегі  өзгерістерін елеп, бағыт-бағдар беру керек.

Негізі, «Әкеге қарап ұл өсер» деп кезінде ата-бабамыз өте орынды айтқан. Бала әрдайым асқар тауы әкесіне еліктеп есейеді. Сондықтан біз, әкелер, оларға жақсы үлгі болу керекпіз. Кейде ер адамдар «Осы баланың мінезі кімге тартқан?»деп таңырқап жатады. Оларға айтарым, мінез – сіз берген тәрбиенің нәтижесі. Бірақ бұл оны өзгертуге болмайды деген сөз емес. Баланы тәрбиелегенде «Сен сондай әлсізсің, сенің қолыңнан келмейді» деп айту дұрыс емес. «Мынаны істей алмайсың, ананы білмейсің» деп ұрыса берсеңіз, ол қорқақ болып өсуі мүмкін. Бірнәрсені бұзып қойсам, әкем ұрысады деумен үндемей жүре береді. Бала болған соң басқа балалар тиісіп қалса, әкем ұрысады деп тағы да сөз қайтармай, өз-өзін қорғай алмай қалады. Бұғанасы қатпай, белі бесіктен шықпаған ұл-қызыңызды бар болмысымен қабылдаңыз. Оны мінезімен, бар болмысымен қабылдамай түк те істей алмайсыз.

Әке-мен бала арасындағы қарым-қатынас және ол жайында кеңестер қазнетте өзекті екенін қай кезде түсіндіңіз? Блог жүргізуіңізге не түрткі болды?

Екі ұлыммен бірге тауға шығып тұрамын. Біз секілді тауға көтерілетін алматылықтардың саны аз емес, арасында ажырасқандар да бар. Бірде олар жаныма келіп, қандай тамаша әке екенімді, балаларымды өзіммен бірге үнемі алып жүретінімді айтты. Мен оларға ұлдарымды күнде көре бермегендіктен осылай демалуға алып шығатынымды түсіндірдім.  Ажырасып кеткенімді білгенде қатты таңғалды. «Бұрынғы әйеліңізбен дұрыс қатынастасыз ба?», — деп бір кісі сұрады. «Ал сіз бұрынғы күйеуіңізбен араласпайсыз ба?», — деп кері сұрақ қойып едім ажырасқалы бері бұрынғы жолдасымен мүлдем сөйлеспейтінін білдім. Бұрынғы жұбайы баласымен кездесу үшін оның ата-анасына хабарласып, рұқсат алады екен.

Бұл дұрыс емес. Ажырасқан ер адам мен әйелдің сәлемі түзу болуы тиіс. Неке бұзылғаннан кейін ер адамның міндеті алимент төлеумен шектелмейді. Қандай жағдай болмасын балаға әке керек. Әкенің қаржылық көмегі бір бөлек дүние, ал баласына беретін психологиялық көмегі мүлдем бөлек дүние. Ер адам мұны білуі тиіс. Қоғамда осы мәселенің өзекті екенін ұғына отырып, отбасылық өмір, бала тәрбиесі жөнінде блог жүргізе бастадым.  Жақында әдеуметтік желіде көптен бері сөйлеспей кеткен танысымнан хат келіп түсті. Жазбаларымды оқып, көптеген дүниені ой елегінен өткізіпті. Өзі де ажырасып кеткен азамат екен, бірақ көпке дейін баласымен араласпаған секілді. Рахметін айтып, баласымен кездесуге бара жатқанын жазды. Достарымның арасында маған ажырасатындарын айтып, алдыма келгендер бар. Құдайға шүкір, берген ақылымды тыңдап, жұбайларымен қайта бақытты болып кетті.

Ажырасудың алдын алуға болады: Жұбайымен айырылысып кеткен блогер отбасын сақтап қалуға болатынына сенімді

Сіздің жазбаларыңызды оқи отырып, отбасыға үлкен көңіл бөлетін азамат екеніңізді байқадық. Қазақ менталитеті үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысуды әйел адамның жұмысы деп есептейді. Бала тәрбиесіне белсенді атсалысатыныңыз үшін сынайтындар бар ма?

Дінінен айнымай, имананын жанына серік еткен қазақпыз ғой. Исламда баланы төрт-бес жасқа дейін анасы, кейін әкесі тәрбиелейтіні айтылған. Бірақ біздің түсінігімізде әке тек ақша табумен, отбасын асыраумен айналысатын адам. Ал әйел жұмысты да істейді, үй шаруасымен де айналысады. Оның ішінде, баласын жуындырып-киіндіреді, тамағын береді, жолдасын жұмысқа дайындайды, оған да тамағын әзірлейді, тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Үй шаруасы бітпейді ғой. Өкінішке орай, ер адамдар ақшаны әкелумен айналысатынын сылтау қылып, әйелінің тірлігін маңызды деп таппайды. Мұндай бұрыс түсініктің қашан өзгеретінін нақты айта алмаймын.

Бірде жиында менің үйдің шаруасына жақын екенімді біліп, кейбір кісілер күлген. Өздерін нағыз мұсылман санайтын болса, исламда бала тәрбиесіне қатысты дүниені неге ұстанымына айналдырмағанын сұрап едім, жауап бере алмай қалды. Әр адам бала күнінде өз үйінде көргенін, шаңырақ көтеріп, отбасылы болғанда қайталайды ғой. Сондықтан мен дұрыс тәрбие берген, уақытылы көңіл бөлген әкеме алғыс айтамын. Бокс үйрету, бір жерге қыдырту сынды дүниелерден бөлек, ұқыптылықты бойымызға сіңіртті.

Қазіргі таңда ата-ана балаға жақсылық тілегенде, өзінің түсінігіндегі жақсылықты тілейді деген пікірмен келісесіз бе?

Ол рас. Бүгінгі таңда ұл-қызының ішкі жан-дүниесі мен жүрегі нені қалайтынын білмейтін ата-ана баласы үшін шешім шығарып қояды. Мысалы, жақсы жерде білім алсын деумен оны НИШ-қа (Назарбаев зияткерлік мектебі – ред.) түсіруге дайындап, математикадан қосымшаға қатыстырады делік. Баласының осы пәннен қабілеті бар-жоғына мән бермейді. Себебі, еліміздегі үздік білім шаңырағында оқиды деп шешім шығарып қойған, математиканы үйреніп алады деп ойлайды. Әрине, әке-шеше ұл-қызына жамандық тілемейді, болашақта өмірі жақсы болғанын, жақсы жерде жұмыс істегенін  қалайды. Сондықтан қолынан келгенше көмегін аямай, тырысып, талпынады.  Өкініштісі, ата-ана баласының аяққа тұрып кетуін көздеп жүріп, оның бақытын ұмытып кетеді.

Мен екі ұлыма бағыт-бағдар бергеніммен, бұлай істе, мынандай азамат бол деп ешқашан айтып көрмеппін. Өсіп келе жатқан баласына әке мен шеше таңдау мүмкіндігін берсе, барлық жағдайын жасаса, ертең-ақ еңбегінің жемісін көреді. Таңдау мен мүмкіндік беру дегенді баланы өз бетімен жіберу керек екен деп бұрыс түсінбеу керек. Мысалы, бала өзін кино актері ретінде көрсе, ата-анасы кастингке апарып, сурет саламын десе өнердің осы түріне баулу қажет. Өзіне керегін таңдап жүріп ұл да, қыз да дұрыс жолға тұрып, өмірден өз орнын табады.

Мен тұңғышым Марғұланның  өзгелерге қамқор болуға ұмтылатынын, бауырмал екенін байқаймын, еліме көмектессем деген арманы бар. Қай жағынан көмектескісі келетінін сұрасам, өскенде полицей немесе дәрігер болғым келеді, басты мақсатым біреуге көмектесу дейді. Ұлымның спортқа деген талпынысы мықты, бірақ сабақ жағы сәл ақсаңдап тұр. Дегенмен, мен оған топассың деп ұрыспаймын. Өйткені маған баламның бақыты маңызды.

Ата-ана бәрібір баласына үміт артады. Не болсаң, ол бол демейді ғой. Біздің үйде Марғұлан дзюдодан жарыстарға қатысады. Әрине, мен оған жеңімпаз бол, орын ал деп, үміт артатынымды білдіремін. Бірақ, менің ойымша «Көңілімді қалдырмадың, сені жетектеп жүрмін, жағдайыңды жасап жатсам да, үмітімді ақтамадың» деп айту дұрыс емес. Әрине, ата-ана баласына кей-кездері ашуланып жатады. Бірақ баланың аты бала екенін естен шығармау қажет. Оны қорқытып тәрбиелегенді құптамаймын.

Ажырасудың алдын алуға болады: Жұбайымен айырылысып кеткен блогер отбасын сақтап қалуға болатынына сенімді

Қорқытып тәрбиелегенді құптамайтыныңыз түсінікті. Бірақ дұрыс тәрбиелеу үшін кейде ата-аналар ұрысып, қол көтеріп жатады..

Өзім мектеп пен университет қабырғасында беске оқысам да, тәртібімді өте жақсыға бағалай алмаймын. Осыған қарамастан, ата-анам және мұғалімдерімнің басым бөлігі бетімді қайтарып, кеудемнен итерген емес. Әке-шешем маған мүлдем қол көтермеген. Қолдау көріп өстім. Менің ойымша, балаға ешқашан қол көтеруге болмайды. Баланың іс-әрекетіне ата-ананың көңілі толмаса, әке немесе шеше бірінші кезекте «Қай жерде дұрыс тәрбие бермедім?», «Қай жерде дұрыс сөйлемедім? Неге қарамадым?» деп өзіне сұрақ қойып, жауапты іздеуі тиіс.

Cәйкесінше, көңіл бөлінбегенде баланың оқу үлгерімі төмендеп кетеді, тәртібі бұзылады. Ол өзіне көңіл аудартудың жолдарын іздеп тауып, оны екі әдіс арқылы жүзеге асырады. Мысалы, бір бала: «Мен сабағымды оқып жатырмын, анам маған жылы сөздерін айтып, басымнан сипап қойды. Бірақ, бұл аз. Мені бұдан да қатты жақсы көргенін қалаймын. Сондықтан әрі қарай жаттыға беремін» десе, екіншісі: «Мен екі алдым. Маған ұрысты. Демек, олар үшін бар екенмін. Тағы да екі алдым, тағы ұрысты. Маған көңіл аударып жатыр ғой, ұрыса берсін» деп қоя салуы мүмкін. Осыдан баланың әрбір қылығы, іс-әрекеті ата-анасымен тығыз байланысты екенін түсінміз.

Егер бала есейе келе нашар ортаға түсіп, қылмыс істесе, бұл – оның емес, ата-анасының кінәсі. Сондықтан балаға қол көтермек түгілі ұрысуға да болмайды. Кез-келген дүниені сабырлық таныта отырып, ұрыспай-ұрмай түсіндіру қажет.

Бізге ажырасудың үлкен зардабын әйел тартатын болып көрінеді, бірақ ер адамдарға да оңай емес белгілі… 

Ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуіне тек қана әйелі немесе күйеуі кінәлі болмайды. Шаңырақтың шайқалуына екеуі де жауапты. Өкінішке орай, елімізде бұл мәселе өте өзекті. 2019 жылдың тоқсанында Қазақстанның бір облысында некеге тұрған 2000 жанұяның 1200-і ажырасып кеткен. Бұл жағаұстатарлық факт. Мен «Ажыраспа» блогының авторымен толығымен келісемін, жұбайлар көкейтесті мәселелерін некені бұзбай тұрып талқылап, жанұядағы жағдайды ретке келтіруге тырысу керек. Егер әйелі үйде қабағын түйіп жүрсе, үй шаруасын жасап үлгермегендіктен көңіл-күйі болмаса, ер адам жәрдемдесіп жіберуі қажет. Ыдыс-аяқты жуа салып, шаңды сүрткеннің қиындығы жоқ. Керісінше, ол осы әрекеті арқылы жарына көмектеседі. Ер адамдар осыны түсінсе ғой.

Айна Досмахамбетқызы айтқандай, ерлі-зайыптылар ажыраспай тұрып бір-бірімен жақсылап сөйлесіп, қажет болса психолог, сексологқа барса екен. Мен өзім адамдарға: «Тұрмыс құрмай тұрып, бір-біріңіздің арман-мақсаттарыңызды біліп алыңыздаршы» , —  деймін. Үйленгеннен кейін әдетте олар көзқарастары әртүрлі екенін алға тартады. Ең бастысы, әйелі мен күйеуі сөйлесе білуі керек.

Ажырасқаннан кейін ер кісілерде қандай проблемалар туындайды? Сол кезде бұрынғы әйелінің тарапынан қандай да бір көмек керек пе?

Ажырасқаннан кейін екі жақ та психологиялық тұрғыдан үлкен күйзелістен өтеді. Ер адам өзгелерге уайымнан құтылған көңілді азамат болып көрінуі мүмкін. Біреулер спортпен шұғылданып, жаңа іспен айналысып жатады. Жігіттер менімен келіспейтін шығар, бірақ бұның барлығы – көзбояушылық.

Ажырасқан азамат қайткенмен де жанұясынан айырылып қалған адам. Ажырасқанға дейін ер адамның асыл жарынан, тәтті балаларынан құралған жанұясы бар еді. Ажырасқаннан кейін ол құшағын жайып, жылы шыраймен қарсы алатын әйелі, «әкелеп» мойнына асылатын балаларынан айырылып қалады. Ер адам үйінен береке кеткендей күй кешеді. Оның бұрынғы әйеліне деген реніші, балаларына ренжуіне алып келуі мүмкін.

Ер адамдардың барлығы балажан емес. Негізі, әке мен баланың арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың әртүрлі әдістері бар. Біріншіден, әйел адам бұрынғы күйеуінің ішкі дүниесін түсінуі керек. Сосын бала мен әкенің бірге уақыт өткізуіне жағдай жасаса, жақсы болар еді. Мысалы, балаға сабағына әкесінің көмегі немесе ол үшін маңызды шарада әкесінің қолдауы ауадай қажет. Анасы осы ретте әкесіне өтініш білдіріп, екеуінің бір-бірімен араласуына мүмкіндік берсе екен.  Ажырасқаннан кейін әкеде  балаға көңіл бөлу, уақыт арнау мәселесі өзгереді. Ұл-қызына деген махаббаты мен мейірімі арта түседі деуге болады. Өзім сот залынан шыққаннан кейін балаларымды бірден сағындым. Күн сайын көрмейтінімді, олардың қасыма келіп жатпайтынын түсінгенде жүрегім қақ айырыла жаздады. Сондықтан мен әрбір бос уақытымды, мүмкін болса, екі ұлыма арнаймын.

Бұрынғы ерлі-зайыптыларды арадағы бала ғана байланыстырады. Басқа біреумен кездесе ме, сөйлесе ме, екеуі бір-бірінің жеке өміріне қызғушылық таныта алмайды. Оған құқықтары да жоқ. Әйтсе де, ажырасса да, балаға жақсы қарап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсетіп, қайтадан қосылған жұптар бар. Әйелі мен күйеуі бір-бірімен қайтадан дұрыстап сөйлесе бастайды да, өздеріне мүмкіндік беріп, қайтадан шаңырақ көтереді. Бірақ дұрыс әңгіме мен сұхбатты ажыраспай тұрып-ақ бастауға болады.

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz