Ажырасқаннан кейінгі өмір қандай? Отандық танымалдар жауап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Ажырасқаннан кейінгі өмір қандай? Бұл сұраққа отандық танымалдар жауап берді. Мәселен, КешYou тобының бұрынғы әншісі Әнел Әрінова емізулі баласы болғандықтан, қайғыруға уақыты болмағанын айтады. 

Ажырасқаннан кейінгі өмір қандай? Отандық танымалдар жауап бердіБұл туралы Stan.kz НТК арнасының «Ревю» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Балам небәрі 3 айлық болғанда ажырасуға арыз бердім. Уайымдайтын уақытым болған жоқ. Менімен кез келген әйел, кез келген ана келіседі деп ойлаймын. Емшектегі балаң тұрғанда, алаңдап отыратын уақыт жоқ», — дейді Әнел.

Әнел экс-күйеуіне бірнеше мәрте мүмкіндік бергенін айтады. Осы жылдар ішінде оның көңілін аулауға тырысқан өзге азаматтар да болыпты. Бірақ әншінің ерлерден көңілі қалған ұқсайды. 

«Тұйықталып қалдым. Өйткені қиын. Мен енді жалғыз емеспін, жауапкершілікті сезінемін. Ерлерге бұрынғыдай көзқараспен қарай алмаймын. Ұлыма үлгі болатындай азамат болса бір жөн. Бірақ әзірге ондай адамды кездестірмедім», — дейді Әнел. 

Диная ұлы Диар небәрі 2,5 жаста болғанда күйеуінен кетіп қалған. Бүгінде әншінің ұлы 11 жаста. Әнелмен салыстырғанда Диная барлық азаматтардың бетін қайтарып жүрген жоқ. Оның пікірінше, бір еркекке қарап, екіншісіне баға беруге болмайды. 

«Бақытты ер адамнан іздейтіндер көп. Алайда шын мәнінде олай емес. Ол дұрыс та емес. Өз-өзіңді жақсы көріп, бар қалпыңда қабылдай бастасаң, ер адаммен басқаша қарым-қатынас қалыптаса бастайды», — дейді Диная. 

Біраз уақыттан бері ел арасында Диная мен Ренат Гайсиннің қарым-қатынасы туралы қауесет тарауда. Екеуі де бұл ақпаратты растаған жоқ, алайда жоққа шығарған да жоқ. Есесіне Диная өмірінде өзі сүйетін азаматтың бар екенін, оның ұлымен қарым-қатынасы бір арнаға қойылғанын атап өтті. 

«Біз, тіпті бірге демалуға бардық. Ол ұлыммен де, ата-анаммен де таныс. Қарым-қатынастары бірқалыпты. Керемет махаббат бар деп айта алмаймын. Олар — ер азаматтар, өзара еркекше сөйлеседі. Тіпті, кейде ұлым одан кеңес сұрап жатады», — дейді Диная. 

Соған қарамастан, Диная ұлының әкесімен араласуына кедергі келтірмейді. — Екеуміздің тіл табыспай қалғанымызға ұлым кінәлі емес, деген пікірді ұстанады ол.

stan.kz