Ажалдан алып қалды: Ақтөбелік емші 12 адамды домбыраның үнімен емдеген — новости Казахстана
Ақтөбеде облысы Байғанин ауданында тұратын жыршы-термеші Ордабай Сандыбайұлы домбыра арқылы адамды қатерлі ісіктен айықтыруға болатынын айтты. Ол қазір науқастарды ұран терапиясымен, музыкатерапия, фитотерапия, фототерапиямен емдеп жүр деп хабарлайды «Замана» басылымы.
Қарияның сөзіне сүйенсек, бала кезінен домбырамен әуестенген ол 33 жасында термелерді сағаттап, тоқтаусыз айтатын шеберлікке жетіпті. Сол шақтан-ақ түсінде «қайырымдылық жаса» деген аянды бірнеше рет көріп, 6-7 жыл бойы өзін дін жолында қайта тәриелейді.
«Ескі мешітке намазға келіп жүргенімде «саналық намаз» деген аян алып жүрдім. Бірақ оның не екенін таба алмадым. Көп ұзамай «әріптер» деген аян түсті. Халифа Алтайдың қазақшаға аударған Құран әліппесін қарасам, «Хуруф-ул Мұқатта-а» деген әріптер тұр екен. Кейін «осы әріптерді пайдалан» деген ақпараттар келе бастады», — деп ағынан жарылды ол.
Жасы 70-ке таяған ақсақал шипалық-саналық намаздың нұсқасы дайын болған соң, оны молдаларға көрсетеді. Басқалардың өзіне сенімсіздік танытқанына қарамастан, ол қазіргі қалыпта жүргенін сол әріптердің арқасы деп біледі.
Қазір өзі қолданып жүрген музыкатерапиямен депрессияға түскен, қиналып жүрген адамдарға көмектесуге болатынын айтады. Сол үшін ол эскизі өзіне аян арқылы көрінген домбыраны арнайы жасатып, түрлі музыка аспабының үнін беретіндей етіп алған.
«Санкт-Петербургте 3 ай онкологиялық хосписінде жұмыс істегенімде, осы домбырамен ән айттым. Сонда ажалын күтіп отырған 12 науқас үйіне қайтқан болатын. Бұл – хоспистің тарихында болмаған оқиға», — дейді Ордабай Сандыбайұлы.