Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісін полиция ұстаған

0

Ақтөбедегі сот отырыстарының бірінен хабар таратуға барған Азаттық тілшісі Жаңагүл Жүрсінді полиция ұстап әкеткен. Ол Ақтөбедегі қаржылық пирамида ісі бойынша сотталып жатқан Қуаныш Жақсыбаевтың үкімінен хабар таратуға барған.

«Үкім шыққан соң айыпталушының жақтаушылары, қаржылық пирамида салымшылары шу шығарды. Судья үкім оқып жатқанда олар сот залындағы жиһаздарды сындыра бастады. Үкіммен келіспегендер наразылықтарын сот ғимаратының алдында да жалғастырды. Кейін полиция оларды автобусқа күштеп кіргізе бастады. Мен оқиғаны видеоға түсіре бастадым. Полиция видеоға түсірмеңіз деді. Қызмет бабымен жүргенімді айтып, қызметтік куәлігімді көрсеттім. Бірақ соған қарамастан қолымды қайырып, автобусқа салып алып кетті» деді Азаттық тілшісі.

Азаттық журналисі ішкі істер басқарамасына, прокуратураға хабарласқан. Кейін прокуратура өкілі Азаттық тілшісіне қателесіп ұстағандарын айтып, босатқан.

Судья «заңсыз қаржылық пирамидасын құрып, 621 адамнан 146 миллион теңге ақша жинап алды» деп айыпталған Қуаныш Жақсыбеков 6 жыл 6 ай түрме жазасын кесті. Үкімге сай, ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзеу мекемесінде өтеуі тиіс. Айыпталушының апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Дереккөз: Азаттық