Азаттықтан көмек сұраған сотталушы бостандыққа шықты
Азаттыққа бұған дейін «түрмеде құқығым бұзылды, медициналық көмек алмадым» деп шағымданған Ирина Геондова бостандыққа шықты. Ол ЛА-155/4 колониясында қамауда отырған еді.
Алматы облысының Іле аудандық соты бұл шешімін «38 жастағы Геондованы бүйрек дертінің асқынып кетуі себебінен түрмеде ұстауға болмайды» деген медициналық актіге сүйеніп қабылдаған.
Соттан соң Геондова туыстары мен түрме қызметкерлері ЛА-155/4 мекемесіне қайта алып келген. «Қазір оның бостандыққа шығуына қажетті құжаттар дайындалып жатыр» деді Жауғашты поселкесіндегі түрме әкімшілігі.
Адвокат Бауыржан Ахуновтың сөзінше, 23 қаңтардағы сот отырысында прокурор да түрме әкімшілігінің Геондованы босату туралы шағымын қолдаған.
Ирина Геондова Азаттыққа 9 қаңтарда шағым айтып хабарласқан. Ол «маған түрмеге қамалу туралы үкім шыққан, өлім жазасына кесілмеген едім» деген. Қант диабеті дертімен ауыратынын, бала кезінен екінші топ мүгедегі екенін айтқан Геондова түрмеде қажетті медициналық көмек көрсетілмейді деп шағымданған.
Оның сөзінше, төрт ай бұрын бүйрегі жұмыс істемей қалған, қазір гемодиализдің көмегімен әрең жүр және емделіп, бүйрегін ауыстыру қажет.
Азаттық Геондованың шағымынан соң Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі мекемесіне сауалхат жолдаған. Жауап хатта «есірткі саудасы үшін 2015 жылы тамыз айында 10 жылға сотталған Геондова диспансерлік есепте тұрғаны, диабетпен ауыратыны» жазылған.
«2018 жылдың қазан айында арнайы медкомиссия денсаулығын тексеріп, кейін Геондованы бостандыққа шығару керек деген шешімге келді. Қажетті құжаттар сотқа жолданды» деген мекеме. Кейін Геондованы облыстық клиникаға жеткізгені белгілі болған.
Дереккөз: Азаттық