Азаттық жазған, үйін су басқан отбасы пәтерлі болды
Қарағанды облысының Аққұдық ауылында тұратын Цуприковтар отбасына ескі су құбырынан аққан судан бүлінген үйлерінің орнына Теміртаудан пәтер берілді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, «Арселормиттал Теміртау» компаниясы Цуприковтар отбасымен жасасқан келісімі бойынша бес қабатты ескі панельді үйден көлемі 63,3 шаршы метр болатын төрт бөлмелі пәтер алып берген. Дегенмен, Цуприковтер отбасы үйге разы.
— Қазір біз үйді жөндеп жатырмыз, бірер күнде көшіп барамыз. Мәселеміздің оңынан шешілгеніне қуанып отырмыз. Шығынды өндіріп алдық, оған әрине журналистердің көмегі тиді. Себебі сіздер (Азаттықты айтады — ред.) біздің басымыздағы жағдай туралы жиі жазып, сот барысын бақылап отырдыңыздар. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бізге Теміртаудан өзіміз қалаған төрт бөлмелі пәтерді алып берді, қалған ақшаға кір жуатын машина сатып әперді, — деді Анастасия Цуприкова.
Отбасы қаладағы пәтердің есесіне бүлінген үйлері мен жерінің меншік құқығынан айырылып, моральдық шығын өндіріп беру талабынан бас тартты.
Теміртауда төрт адамы бар, үйінен айырылған Цуприковтар отбасы Қарағанды облысындағы шахталар мен металлургиялық кеніштердің иесі «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясынан шығынын өндіріп беруді талап еткен. Олар әуелде материалдық шығынды үш жарым миллион, ал моральдық шығынды үш миллион теңге деп бағалаған. Шағымданушы биыл наурызда осы компанияға қарайтын ескі су құбыры жарылып, үйін су басты деп санайды. Тұруға жарамсыз деп танылған үйдің бір жағында Анастасия Цуприкова екі баласымен, ал екінші жағында оның анасы тұрған. Шығын мөлшерін бағалаған компания өкілі бұған дейінгі сотта үйдің тұруға жарамайтынын және жөндеуге де келмейтінін айтқан.
19 қарашада өткен сот отырысында тараптар бітімге келіп, компания шағымданушыларға жалпы құны төрт миллион теңгеге дейін жететін бір немесе екі пәтер алып беруге уағдаласқан.
Дереккөз: Азаттық