Азаттық тілшісін полиция бөлімшесінде тергеуге тырысқан

0

Мамырдың 1-і күні Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге ұсталғандардың туыстары хабарласып, көмек сұраған соң тілші кешке жақын Нұр-Сұлтан қаласындағы Байқоңыр аудандық полиция департаментіне барған. Дәл осы күні күндіз құқық қорғау орган өкілдеріне ұқсайтын азаматтық киімдегі белгісіз біреулер тілшінің құрал жабдықтарын тартып алған еді. Сәния Тойкен сол жабдықтарды қайтару үшін де бөлімшеге барған.

Тілшінің айтуынша, өзін полиция департаменті бастығының орынбасары ретінде таныстырған азамат “ішке кіріп, ұсталғандардың жағдайын көргіңіз келе ме? Олармен сөйлесіңіз” деген соң журналист бөлімшеге кірген.

— Ішке кіріп едім, бірден “допросқа” (сұрақ-жауап алу) алып кетіңдер» деді. «Менен қандай мақсатпен, не үшін сұрақ-жауап алайын деп отырсыздар?» деп сұрай бастап едім, “егер жауап беруден бас тартатын болсаңыз, заңға қайшылық болып саналады. Қазір тінту жүргіземіз” деді. Дильназ Сахаева есімді тергеуші тергеуді бастады. Адвокатсыз жауап бермеймін дедім, — дейді Сәния Тойкен.

Полиция өкілдері тілшіге адвокатын шақыруға рұқсат берген, бірақ полиция бөлімшесіне барған адвокат Бауыржан Азановты ол жаққа кіргізбеген.

Полиция бөлімшесінде бірнеше сағат болған тілшінің жағдайы бұл кезде нашарлап, жедел жәрдем көлігін де шақыртуға мәжбүр болған. Сәл кейінірек полиция өкілдері Сәния Тойкеннің үстінен хаттама толтырып, қол қоймағаны үшін криминалист шақырып, видеоға түсірген.

— Мен хаттамаға қол қоймайтынымды айттым. Бірақ олар «оны оқығанның өзі келіскенмен пара-пар» деді. Хаттамада менің полиция бөлімшесіне ұсталғандар бойынша ақпарат алу үшін және штативімді қайтаруым үшін келгені туралы жазылған, — деді Сәния Тойкен.

Әзірге Байқоңыр қалалық полиция департаментінен жауап алудың сәті түспеді.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылыұ шарасы өтті. Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президент емес!», «Дариға спикер емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады.

Azattyq