Азаттық тілшісі сайлау жәшігіне топталып тасталған бюллетендерді көрді
Шымкенттегі №1-ші сайлау учаскесіне кешке қарай барған Азаттық тілшісі сайлау жәшігіне топталып тасталған бюллетендерді көрді. Тәуелсіз бақылаушы Амидулла Қабеков бұл жайтты растап, оқиғаны видеоға түсіруге тырысқанын, бірақ сайлау комиссиясының өкілдері бұған кедергі жасағанын айтты. Ал сайлау комиссиясының төрағасы жәшікте топталған бюллетендердің анық көрініп жатқанына қарамастан оқиғаны жоққа шығарды.
Азаттық тілшісі оның алдында қаладағы №215 сайлау учаскесіне де барған кезде жәшікте бірге бүктеліп жатқан екі бюллетенді көрген. Бірақ сайлау учаскесінің өкілдері бұл оқиғаға байланысты түсініктеме бермеген.
9 маусымда таңертең осыған ұқсас оқиғалар болған. Таңертеңгі сағат 7:30 шамасында Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі №152-ші сайлау учаскесінде дауыс беру жәшігінде қатарынан бес бюллетеннің бірге бүктеліп жатқанын көрген. Бірақ сайлау учаскесінің төрайымы бұл оқиғаны мүлде жоққа шығарған.
Азаттықтың Алматыдағы тілшісі Алғабас ықшам ауданындағы №528 сайлау учаскесінде бір адамның екі бюллетеньді қатар салғанына куә болды. Бақылаушы Айман Тұрсынхан да осыған ұқсас оқиғаларды байқаған.
9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Осы күні Алматыда жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға қарсылық танытты. Кем дегенде жүз адамды полиция ұстап әкетті.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.
ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.