«Азаттық радиосының» Қазақстандағы орыс редакциясы жабылады

0

Азат Еуропа/Азаттық радиосы халықаралық медиа компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Ари Голдберг Қазақстандағы редакцияның алдағы жұмысында өзгеріс болатынын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Қазнетте алдымен, Азаттық радиосы “орыс редакциясын жабады” деген ақпарат тараған. Ulysmedia.kz тілшісіне  Ари Голдберг нақты қандай өзгеріс болатыны жөнінде мәлімет берді.

– Азаттық радиосы бүкіл Орталық Азияға ұлттық және орыс тілінде тәуелсіз әрі бейтарап жаңалықтарды таратуды толық құптайды. Біз ішкі құрылымдар мен процестердің барынша тиімділігі мен нәтижелі болуын қамтамасыз ете отырып, ең маңызды жаңалықтарды орыс тілінде тарату бағытында жұмысты күшейтіп жатырмыз. Бүкіл Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды қамтитын жаңа аймақтық бөлімшені құру үшін біз барлық ресурстарымыз бен күш-жігерімізді біріктіріп, сол арқылы қайталауды азайтып, ең үздік журналистикаға ары қарай инвестиция саламыз. Біз жергілікті және аймақтық деңгейде маңызды оқиғаларды тарату кеңістігін ұлғайтамыз деген үміттеміз, – дейді Ари Голдберг.

Еске сала кетейік, бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақстан сыртқы істер министрлігімен осы елдегі тілшілерінің аккредитациясы мәселесі бойынша келісімге келген еді. 30 қаңтарда Азат Еуропа/Азаттық радиосы — Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсірген. Арызда өкілдік Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Азаттық радиосы Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс елдерінде 27 тілде хабар таратады. Бұқаралық ақпарат құралының миссиясы – еркін баспасөз қызметіне билік тыйым салған немесе шектелген елдерде нақты, цензурасы жоқ жаңалықтарды ұсыну арқылы демократиялық құндылықтар мен институттарды ілгерілету.