Азаттық хабарынан соң әкімдік сақ қорымындағы қоқысты тазартты

0
91

Алматының тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына кіргенімен, маңына қоқыс тасталған сақ қорымын Азаттық сюжетінен соң Алатау ауданы әкімдігі тазартты.

18 сәуірде Азаттық «Қоқыс орнына айналған сақ қорғандары» деген атпен видео жариялаған. Хабарда ортасы қазылған, іші көлік дөңгелектері, сусын бөтелкелері мен түрлі қоқысқа толы обалар туралы айтылған. Сонда жүрген жұмысшылар Азаттыққа «қоқысты машинамен түнде әлдекімдердің төгіп кететін, ешкімнің бақыламайтынын» айтқан.

Қоқыстардың жиналғанын Алатау ауданы әкімінің орынбасары Берік Әшірбеков растады.

– [Азаттық сюжеті шыққан] екі-үш күннен соң қорымы тазартылды. Енді көлік кіре алмайтындай етіп жауып тастамақпыз, – деді ол.​

Боралдай сақ қорғандарының бірі. Алматы, 27 сәуір 2019 жыл.

Боралдай сақ қорғандарының бірі. Алматы, 27 сәуір 2019 жыл.

18 сәуірде қоқыс толы қорған туралы видео түсіріп жүрген Азаттық сұрақтарына Әшірбеков жауап беруден бас тартып, археологиялық ескерткіштің жағдайына мәдениет бөлімі жауап беретінін айтқан.

Бұл қорғандар Алматының тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне кіретіні қалалық мәслихаттың 2014 жылы қыркүйекте шыққан шешімінде көрсетілген. Бірақ жол шетінде ешқандай белгі орнатылмаған.

Алматы қаласының аумағында мемлекет қорғауындағы 150-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Azattyq