Азат Перуашев ҚХР Қазақстандағы елшісімен кездесті
Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен кездесті.
Қытай тарапының бастамашылық етуімен өткен кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси-экономикалық қатынастардың жай-күйі, инвесторлар мәселесі және этникалық қазақтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты өзекті проблемалар талқыланды.
«Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламаларының өзара үндесуі аясында Қазақстан және Қытай жаңа белестердің алдында тұр. Біз Қытайдан келетін инвестицияны қолдауға дайынбыз. Алайда, мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаны іске асыруда қиындықтар туындап, қазақстандық жұмыскерлерді орынсыз қысқарту жағдайлары кездесуде. Бұл бізді алаңдатады. Сондай-ақ, Қытай еліндегі қандастарымыз, жалпы халықтар арасындағы мәселеге басар назар аударғым келеді. «Ақ жол» партиясының алға қойған басым бағыттарының бірі – ол ұлттың мүддесін қорғау», деп айрықша атап өтті Перуашев.
Осы орайда ол 2017 жылы Бейжіңде өткен саяси форумда «Ақ жол» партиясы делегациясының Қытай Компартиясы Орталық комитеті басшылығына ҚХР құқық қорғау органдарымен ұсталып, қамауда отырған 112 этникалық қазақтың тізімін тапсырғаны жөнінде айта келе, «осындай хаттарға дер кезінде жауаптар берілсе, ашықтық орнап, түсініспеушіліктер туындамас болар еді», — деген өз пікірін білдірді.
Сонымен қатар Азат Перуашев қарапайым қытай азаматтарының өмірі мен тұрмыс-салты, мәдениеті жөнінде қазақстандықтарға таныстыру үшін, сол арқылы қос елдің халқын бір-біріне жақындастыра түсу мақсатында қазақтілді тілшілер мен блогерлердің Қытайға сапарын ұйымдастыруды ұсынды. Өз кезегінде өкілетті елші қытай үкіметінің бағдарламасы аясында мұндай іс-шараны өткізуге әрқашан әзір екендігін білдірді.
Қытай елшісі Чжан Сяо «Ақ жол» партиясының елдегі саяси рөліне жоғары баға бере отырып, «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытудағы басты мақсат – екі ел арасындағы рухани бірлестікті арттыру», деп мәлімдеді.
Сөз соңында Партия төрағасы алдағы уақытта қытай әріптестерімен өтетін екіжақты кездесулер, кәсіпкерлер мен инвесторлардың басқосулары мемлекеттік тілде жүргізілуі қажет екендігін айтып өтті.
Дереккөз: http://egemen.kz/